Қызылордада «Inno.Fest Qyzylorda 2025» инновациялық жобалар фестивалі өтеді

2 532

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі7–8 қараша күндері Қызылорда қаласында облыс әкімінің қолдауымен өңірдің ІТ саласындағы ең ірі шаралардың бірі – «Inno.Fest Qyzylorda 2025» инновациялық жобалар фестивалі ұйымдастырылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Фестивальдің басты мақсаты – аймақтың инновациялық әлеуетін арттыру, жаңа технологиялық шешімдерді қолдау және ІТ саласына қызығушы жастардың идеяларын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік жасау.

Шара туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі аппаратының “Ақпараттық технологиялар орталығы” директоры Қанат Қараев пен Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Түбекбаев мәлімдеді.

«Inno.Fest Qyzylorda 2025» аясында қатысушылар 24 сағат ішінде өз идеяларын нақты ІТ-прототипке айналдырады. Хакатон форматында өтетін бұл додада үш негізгі бағыт қамтылады:

  • Software Dev (Бағдарламалық жасақтама әзірлеу)
  • AI (Жасанды интеллект)
  • Movies & Video (Бейне және медиа технологиялар)

Сонымен қатар, фестиваль барысында стартап-көрмелер, мастер-кластар, питчинг-сессиялар және инновациялық идеялар байқауы өткізіледі. Үздік жобалар арнайы сыйлықтармен және оқу гранттарымен марапатталады.

Баспасөз жиынында сөйлеген облыс әкімі аппаратының “Ақпараттық технологиялар орталығы” директоры Қанат Қазбекұлы Қараев өңірде ІТ саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті:

«“Inno.Fest” Qyzylorda 2025 – өңіріміздегі ІТ экожүйенің дамуына тың серпін беретін маңызды бастама. Технология мен инновация – экономикалық өсімнің, әлеуметтік прогрестің басты тетігі. Бұл фестиваль жас таланттарға өз идеяларын таныстырып, тәжірибелі мамандармен, инвесторлармен және кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Қатысушылар 24 сағат ішінде өз идеяларын нақты өнімге айналдырып көреді. Мұндай тәжірибе – жастар үшін үлкен мектеп. Үздік жобаларға қаржылық және менторлық қолдау көрсетіліп, оларды әрі қарай дамытуға мүмкіндік беріледі. Біздің басты мақсатымыз – Қызылорданы инновация мен технологиялар орталығына айналдыру», – деді ол.

Өз кезегінде Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Алтынбекұлы Түбекбаев фестивальдің өңір жастарына берер мүмкіндігі зор екенін атап өтті:

«“Inno.Fest” – шығармашыл жастар мен ІТ мамандардың басын қосатын ерекше алаң. Мұнда әр қатысушы өз идеясын жүзеге асырып қана қоймай, оны инвестициялық жоба деңгейіне жеткізуге мүмкіндік алады.
Хакатон форматы – нақты уақыт режимінде жұмыс істеуге және қысқа мерзім ішінде инновациялық өнім әзірлеуге үйрететін ең тиімді тәсілдердің бірі. Сонымен қатар, шараға елімізге танымал ІТ мамандары, медиа және кино индустрия өкілдері қатысып, тәжірибелерімен бөліседі. Мұндай кездесулер жастардың кәсіби деңгейін арттырып, жаңа идеялардың тууына жол ашады», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль Қызылорда жастарының шығармашылық және технологиялық әлеуетін ашуға, сондай-ақ өңірлік ІТ-қоғамдастықты қалыптастыруға бағытталған.

«Inno.Fest Qyzylorda 2025» – бұл тек хакатон емес, сонымен қатар жастардың идеяларын нақты бизнес-жобаға айналдыру алаңы. Фестиваль қорытындысы бойынша үздік командалар өз жобаларын әрі қарай дамыту үшін қаржыландыруға және инвесторлармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Фестивальге қатысуға ниетті барлық креативті және жаңашыл жастар шақырылады. Шара 7–8 қараша күндері Қызылорда қаласында өтеді.