Аймақ басшысы «Қызылорда арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс барысын көрді
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір орталығында салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл нысан — аймақтағы спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жоба.
Жобаның бас мердігері – «Aspan holding» серіктестігі, бас жобалаушысы – «Жоба», ал техникалық қадағалаушысы – «Строй-Проф» компаниясы. Ғимарат 2252 көрерменге арналған және 9 блоктан тұрады. Мұнда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол, волейбол алаңдары мен 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыс әкімі құрылыс қарқынын, инженерлік инфрақұрылым тарту және сапа мәселелерін пысықтап, нысанды уақытылы әрі талапқа сай аяқтау міндетін қойды.
Жаңа спорт нысандары – салауатты қоғам кепілі
Қызылорда облысында соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріліп келеді. Жыл сайын жаңадан салынған спорт кешендері мен ашық спорт және ойын алаңдары, жаяу және веложүргіншілерге арналған жолдар өңір тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік беріп отыр.
Қала мен аудандарда дене шынықтырып, жүгіріп, велосипед тебетін тұрғындардың қатары айтарлықтай артқан. Бұл үрдіс бұқаралық спортты дамытудың нақты көрсеткіші саналады.
11 мың орындық жаңа Орталық стадион пайдалануға берілді
Аймақтың спорттық әлеуетін арттырған ірі нысандардың бірі – Орталық стадион. 4 қазан күні пайдалануға берілген жаңа спорт кешені халықаралық стандарттарға және УЕФА талаптарына толық сай келеді.
Стадионның жалпы аумағы 20 мың шаршы метр, ал трибунасы 11 мың көрерменге арналған. Мұнда футбол алаңынан бөлек, бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таеквондо, сондай-ақ ауыр атлетика залдары бар. Барлық спорт залдары жыл он екі ай тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді.
Футболшыларға қолайлы жағдай жасау үшін алаңның астына жылу желісі жүргізілген. Сондай-ақ, жасанды көгалдың астына 2 см қалыңдықтағы shockpad амортизациялық төсемі төселді. Бұл заманауи технология бүгінде тек «Astana Arena» және «Kaysar Arena» стадиондарында қолданылады. Мұндай инфрақұрылым халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге толық мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлер де назардан тыс емес
Облыс әкімдігі ауыл тұрғындарының да спорт нысандарына қолжетімді болуын басты назарда ұстап отыр. Соңғы үш жылда өңірде 20 жаңа спорт кешені салынды. Ал биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 6 жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Әлеуметтік бағыттағы спорт нысандары
Әлеуметтік қамқорлық бағытында да маңызды жобалар жүзеге асуда. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, қордың қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді. Бұл нысандар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, сондай-ақ ауыл жастарына спортпен айналысуға кең мүмкіндік беруде.
Қызылорда облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Заманауи спорт нысандарының көбеюі – тұрғындардың денсаулығын нығайтып, бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп отыр.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атап өткендей, «Дені сау ұлт – ел болашағының кепілі», сондықтан өңірде спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру ісі алдағы уақытта да басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.







