Қызылорда облысында 7,3 млн гектар орман қоры бар

1 558

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметіҚазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Осы кәсіби мереке қарсаңында Сыр өңірінде орманды қорғау, сақтау және көбейту бағытындағы жұмыстар қорытындыланып, саланың жетістіктері мен маңызды бастамалары таныстырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы баяндады.

Қайрат Жансұлтанұлының айтуынша, Қызылорда облысы – еліміздегі ерекше экологиялық аймақтардың бірі.

Мұнда мемлекеттік орман қорының көлемі 7,3 миллион гектарды құрайды, оның ішінде 3,8 миллион гектары – орманды алқаптар.

«Бұл – өңір табиғатының байлығы әрі экологиялық тепе-теңдіктің негізгі факторы. Қазіргі таңда облыстағы 8 орман шаруашылығы мекемесінде 744 маман еңбек етуде. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қолдау күшейіп, орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Арнайы техника мен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, мекемелердің жұмыс тиімділігі артты», – деді басқарма өкілі.

Арал теңізінің табанына 660 мың гектар сексеуіл егілді

Аймақтың шөлейтті табиғаты орман саласының маңызын арттыра түсуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 660 мың гектар аумаққа сексеуіл егілді. Бұл – экологиялық ахуалды жақсартуға және табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған ірі экологиялық бастама.

Сонымен қатар, облыс аумағында 148 гектар жерге уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылып, онда сексеуіл мен түрлі ағаш көшеттері өсірілуде.

2021–2025 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама аясында 959 мың ағаш көшеті отырғызылып, бұл міндет толықтай орындалды. Аталған шаралар өңір экологиясын жақсартуға, елді мекендердің жасыл желек қорын арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуда.

«Орман – еліміздің ең құнды табиғи байлығы. Оны қорғау, сақтау және молайту – әрбір азаматтың ортақ парызы. Барша орман шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді Қайрат Жансұлтанұлы.

Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта орман қорын ұлғайту, сексеуіл алқаптарын көбейту және орман өрттерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасады.

Орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі – өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен табиғи байлықты келер ұрпаққа аман жеткізудің кепілі болып қала береді.