Аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

1 539

Фото: Қазалы ауданының әкімдігіАудан әкімі Алмасбек Есмаханов «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалында кезектілік тәртібімен тұрғындарды жеке қабылдау өткізді. Бұл шара – аудан халқының әлеуметтік мәселелерін дер кезінде анықтап, жедел шешуге бағытталған жүйелі кездесулердің бірі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан негізінен жұмыспен қамту, тұрғын үй және жер кезегі, көшелерді асфальттау, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау секілді өзекті мәселелер көтерілді. Халық күнделікті тұрмысқа әсер ететін осы сауалдардың шешімін табуға үміт артып, әкімге тікелей өтініштерін жеткізді.

Мәселелер нақты талқыланып, жедел шешімдер қабылданды

Аудан әкімі әр азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, кейбір мәселелерді сол жерде тиісті сала басшыларымен бірлесе отырып талқылады. Әсіресе, әлеуметтік көмек, жұмысқа орналасу және инфрақұрылымға қатысты сауалдар бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Ал заңдық рәсімдер мен қосымша тексеруді талап ететін өтініштер тиісті мекемелерге жолданып, белгіленген тәртіппен қаралатыны атап өтілді.

Әрбір өтініш әкім бақылауында

Қабылдау соңында Алмасбек Есмаханов азаматтар көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын, олардың орындалу барысы әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

«Тұрғындардың әр ұсынысы мен өтініші – ауданның дамуына әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан біз әрбір мәселенің шешілуі үшін барлық мүмкіндікті қарастырамыз», – деді аудан әкімі.