ҚЫЗЫДОРДА ОБЛЫСЫНДА АЛМАГҮЛ БОЖАНОВАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

1 509

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен көрнекті қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың 80 жылдығына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. 

Тағылымды шарада мемлекет және қоғам қайраткерінің ел дамуына қосқан үлесі, азаматтық ұстанымы мен қоғамдық қызметі жан-жақты талқыланып, оның өнегелі өмір жолы кеңінен насихатталды. Конференцияға өңірдің зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылар құрамы, студент жастар, сондай-ақ Алмагүл Божанованың туған-туыстары, әріптестері мен замандастары қатысты. Бұдан бөлек, онлайн форматта Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері байланысқа қосылып, қоғам қайраткерінің өңір тарихындағы орны туралы пікірлерін білдірді.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Алмагүл Божанқызының ел мен жер үшін сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, ол – өзінің бүкіл саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған, қай қызметте жүрсе де ел мүддесін бірінші орынға қойған қайраткер тұлға.

«Алмагүл Божанқызы – білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, парасат-пайымымен және халықшыл болмысымен көпке үлгі болған жан. Ол еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастап, кейін қоғамдық-саяси қызметте үлкен жауапкершілік жүгін арқалады. Әсіресе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңде аудан басқару ісінде ерекше табандылық танытып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай еңбек етті. Сол тарихи кезеңде әйел азаматтардың арасынан алғашқылардың бірі болып аудан әкімі қызметін атқаруы – үлкен ерлік пен қайсарлықтың көрінісі», – деді облыс әкімі.

Конференция барысында Алмагүл Божанованың Тереңөзек ауданын басқарған кезеңдегі еңбегі кеңінен айтылды. Қатысушылардың сөзінше, ол қызмет еткен жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалар қолға алынып, егін және мал шаруашылығын дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына ерекше көңіл бөлінген. Шарада баяндама жасаған спикерлер Алмагүл Божанованың ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ерекше мән бергенін айтты. Оның бастамасымен бірқатар ауылда жол жөндеу, ауызсу тарту, әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жүзеге асқан. Бұл жобалар сол кезеңдегі ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал еткен. Сонымен қатар оның шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы бастамалары да ерекше аталып өтті. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселелері үнемі назарда болған. Нәтижесінде бірқатар ауылдың өндірістік әлеуеті артып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны күшейген.

Жиын барысында қатысушылар Алмагүл Божанованың адамгершілік қасиеттері мен азаматтық ұстанымы жайында да кеңінен әңгімеледі. Оның жастар тәрбиесіне, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Қоғам қайраткері қай кезеңде де жас буынның сапалы білім алып, ел болашағына адал қызмет етуін басты құндылықтардың бірі санаған. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев өз сөзінде Алмагүл Божанқызының елдік мәселелерге бейжай қарамайтын, қиын сәттерде халықпен бірге болып, нақты шешім қабылдай алатын тұлға болғанын айтты. Оның пікірінше, қоғам қайраткерінің ең басты ерекшелігі – қарапайымдылық пен еңбекқорлық қасиеттері. Ал қоғам қайраткерлері Нажмадин Мұсабаев пен Әріп Хожбанов Алмагүл Божанованың қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық қоғам институттарын дамыту бағытындағы еңбегіне тоқталды. Олардың айтуынша, ол қай кезде де ел бірлігін басты орынға қойып, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтауға күш салған.

Сондай-ақ Ақмешіт ақшамы газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа мен филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева Алмагүл Божанованың руханият саласындағы еңбектеріне кеңінен тоқталды. Олар қоғам қайраткерінің шығармашылықпен де белсенді айналысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге елеулі үлес қосқанын айтты.

Конференцияда оның әдеби шығармалары мен кітаптары туралы арнайы баяндама жасалды. Алмагүл Божанқызы «Ердің бағын жандырған ер Балдырған», «Сыр елім – жерұйығым» және басқа да бірнеше кітаптың авторы ретінде туған жердің тарихын, елдік құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді насихаттауға ерекше үлес қосты. Қатысушылар оның еңбектерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі мәселелері кеңінен көрініс тапқанын атап өтті. Жиын аясында арнайы кітап және фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеде Алмагүл Божанованың өмір жолынан сыр шертетін архивтік фотосуреттер, тарихи құжаттар, марапаттары мен қолжазбалары қойылды. Қонақтар қайраткердің әр жылдары атқарған қызметтері туралы бейнежазбаларды тамашалап, оның ел үшін сіңірген еңбегіне құрмет көрсетті. Конференция барысында студент жастар да пікір білдіріп, Алмагүл Божанованың өмір жолы бүгінгі буын үшін үлкен өнеге екенін айтты. Олардың сөзінше, елге адал қызмет ету, білім мен еңбекті басты құндылық санау – қоғам қайраткерінің жастарға қалдырған басты аманаты. Шара соңында қатысушылар қоғам қайраткерінің есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Оның мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихаттала беретіні айтылды.

Айта кетейік, Алмагүл Божанқызы ұзақ жылдар бойы мемлекеттік және қоғамдық қызметте абыройлы еңбек етіп, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласқан. Ол облыстық мәслихат депутаты, мәслихат хатшысы, Нұр Отан партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Сонымен қатар «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, азаматтық қоғам институттарының дамуына өзіндік үлес қосты. Қоғам қайраткері мемлекет пен халық алдындағы адал еңбегі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ оған Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағы берілген. Оның саналы ғұмыры, елге сіңірген еңбегі мен өнегелі өмір жолы Сыр өңірінің тарихында ерекше орын алып, кейінгі ұрпаққа.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.