Жалағаш ауданының дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды

1 554

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен мерейлі еңбек иелерін ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер мен түрлі салаларда табысты қызмет атқарып жүрген азаматтар қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Әкім өңір дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді

Салтанатты шарада аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімі атынан және өз тарапынан алғыс айтты.

Өз сөзінде Ардақ Ибраимов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 30 қазан күні Сыр өңіріне жасаған сапарының маңыздылығына кеңінен тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы сапар барысында аймақтағы әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік жаңа нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы қарымды қызметін ерекше атап өтіп, «Облыс жалпы жақсы дамып келе жатыр. Қарқыны жоғары», – деген оң пікірін білдірді», – деді аудан әкімі.

Ардақ Ибраимов бұл жоғары баға – облыс басшылығының тиімді ұйымдастыру жұмысының, жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді еңбегінің, ең бастысы елдің дамуына үлес қосып жүрген жерлестердің қажырлы қызметінің нәтижесі екенін атап өтті.

Сыр өңірінің дамуы – мемлекеттік қолдау мен бірліктің жемісі

Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің аймаққа көрсетіп отырған қолдауының арқасында Сыр өңірі соңғы жылдары айтарлықтай өсімге қол жеткізгенін тілге тиек етті.

«Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірі бүгінде облыс әкімінің ұтымды үйлестіруінің арқасында барлық сала бойынша айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Баршаңызға аймақ басшысының зор ризашылығын жеткіземін. Еліміздің өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және береке тілеймін», – деді аудан әкімі.

Озат қызметкерлер марапатталды

Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, мәдениет, ішкі саясат, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлері мен түрлі кәсіпорын өкілдері бар.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты

Іс-шара соңында аудан өнерпаздары дайындаған мазмұнды концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды. Көркемөнерпаздар халық әндері мен патриоттық мазмұндағы шығармаларды орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.