ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕГІ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕГІ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы құрылыс, абаттандыру және санитарлық тазалық бағытындағы жұмыстардың орындалуын бақылап, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдымен аудан әкімі күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан теміржол вокзалы ғимаратына барды. Ғасырдан астам тарихы бар, 1904 жылы салынған нысан бүгінде заман талабына сай жаңғыртылып жатыр. Теміржол вокзалы – ауданның басты қақпаларының бірі болғандықтан, оның сәулеттік келбетін сақтау және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау басты назарға алынған.
Қазіргі таңда вокзал ғимаратында ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді жаңарту, шатырын ретке келтіру, еден жабындарын ауыстыру, күту залдарын жаңғырту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта
қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар нысан аумағын абаттандыру, жарықтандыру жүйелерін орнату, көгалдандыру және жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру шаралары да қатар атқарылуда.
Аудан әкімі құрылыс барысын мұқият қарап шығып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жөндеу жұмыстарының сапасы, қолданылып жатқан құрылыс материалдарының талапқа сәйкестігі және белгіленген мерзім мәселелері талқыланды. Жандос Еркінбек тарихи нысанның өзіндік сәулеттік ерекшеліктері сақталуы қажеттігін атап өтіп, әрбір жұмыстың жауапкершілікпен орындалуын қатаң тапсырды.
– Теміржол вокзалы – ауданымыздың келбетін айқындайтын маңызды нысандардың бірі. Сондықтан мұнда жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Халық игілігі үшін жасалып жатқан әрбір жұмыс талапқа сай әрі уақытылы аяқталуы қажет, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан басшысы вокзал аумағындағы санитарлық тазалық мәселесіне де назар аударып, құрылыс қалдықтарын дер кезінде шығару және қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.
Мұнан кейін аудан әкімі Жосалы кентіндегі Дендропарк аумағына барып, ондағы санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда демалыс аймағында ағаштарды күтіп-баптау, аумақты қоқыстан тазарту, гүл көшеттерін отырғызу, суару жүйелерін реттеу және саябақ ішіндегі инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы жауапты мекеме өкілдеріне қоғамдық орындардың тазалығы мен эстетикалық келбетіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Оның айтуынша, Дендропарк – тұрғындардың тынығып, бос уақытын өткізетін маңызды орындардың бірі. Сондықтан мұндағы тазалық пен тәртіп тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Сондай-ақ аудан әкімі кент аумағындағы көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, жасыл желектерді көбейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әсіресе жаз мезгілінде санитарлық тазалықты сақтау, ирригациялық жүйелердің қалыпты жұмыс істеуі және қоғамдық орындардың күтіп ұсталуына баса мән беру қажеттігін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы тұрғындармен және сала мамандарымен пікірлесіп, көтерілген мәселелерді
назарға алды. Сонымен бірге алдағы уақытта кенттің инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.
Бүгінде Жосалы кентінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жол жөндеу, жарықтандыру, санитарлық тазалық, көгалдандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Бұл бастамалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, халыққа қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Аудан әкімі барлық жауапты мекемелерге белгіленген тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындауды міндеттеп, атқарылып жатқан жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Фото:© Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







