«Таза Қазақстан» акциясы аясында Жалағаш кенті мен ауылдық округтерде күзгі сенбілік ұйымдастырылды
Жалағаш ауданы бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында күзгі сенбілік жоғары деңгейде өткізілді. Сенбілікке кент тұрғындары, ардагерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелері, жастар және мекеме қызметкерлері кеңінен ат салысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сенбілік барысында көшелер мен тротуарлар, қоғамдық орындар, сондай-ақ аяқсу арналары қураған шөп пен жапырақтардан тазартып, ағаштар әктеліп, темір шарбақтар сырланды. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техника арқылы шығарылды, бұл экологиялық тазалықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов сенбілік жұмыстарына белсенді қатысқан тұрғындарға алғысын білдіріп, олардың ауданның көркеюіне қосқан үлесін жоғары бағалады. «Таза Қазақстан» акциясы қоғам мен биліктің бірлескен күш-жігерімен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар, сенбілікке аудан кәсіпкері Мақсұт Тұрғанов қолдау көрсетіп, жұмысқа шыққан азаматтарға ыстық шай мен кофе ұсынып, шараның маңыздылығын арттырды. Оның бұл ісі қоғамдағы жауапкершілік пен әлеуметтік қолдаудың жарқын үлгісі болып табылады.
Осындай ауқымды сенбілік тұрғындардың бірлескен еңбегі арқасында ауданның қоғамдық орындары мен көшелерінің көркіне жаңа леп беріп, экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосты.
«Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, аудандағы экологиялық мәдениетті дамытуға, халықтың тазалыққа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған іс-шаралардың бірі болып қала береді.







