Қызылорда қаласында жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Қызылорда қаласында жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі аймақ басшылығының ерекше бақылауында тұр. Тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету, қоғамдық көліктің кедергісіз қатынауын ұйымдастыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында қала жолдарын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жол сапасының жақсаруы жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция қызметтерінің шақырту орнына тез жетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының қолжетімділігі артып, қала экономикасының дамуына серпін береді. Осыған байланысты биыл негізгі және қосалқы көшелерде, сондай-ақ көпқабатты үйлер аумақтарында ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Жобалар тұрғындардың ұсыныстары мен нақты қажеттіліктері ескеріле отырып жүзеге асырылуда. Әсіресе шет аймақтар мен аулаішілік жолдардың ретке келтірілуі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Бұл тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға және көлік қозғалысын жүйелеуге мүмкіндік береді.
Қала әкімі жол жөндеу нысандарын аралап, жұмыстардың сапасын тексерді
Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов Қызылорда қаласындағы жолдарды жөндеу және күтіп-ұстау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын бақылау мақсатында бірнеше нысанды аралады. Әкім сапар барысында мердігер компаниялар атқарып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, техникалық талаптардың сақталуын қадағалады.
Араланған нысандардың бірі – шет аймақта орналасқан Нұрмағамбетов көшесі. КБИ мөлтек ауданындағы бұл көше арқылы қоғамдық көліктер жиі қатынайды. Сондықтан жолдың сапасын жақсарту – тұрғындардың күнделікті қозғалысына тікелей әсер ететін маңызды жұмыс. Мұнда ескі асфальт жабындысы алынып, орнына жаңа төсеме төселуде.
Қала әкімі «Тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғары болуы тиіс» екенін атап өтіп, «Мерей» мөлтек ауданындағы аулаішілік жолдардың жөндеу барысымен де танысты. Сонымен қатар 3-ші ірілендірілген кварталда жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп, жауапты мамандардан атқарылған іс барысы туралы мәлімет алды.
Мердігерлерге нақты тапсырмалар берілді
Нысандарды аралау барысында Нұржан Сәбитұлы мердігер мекеме басшыларына жұмысты сапалы әрі талапқа сай атқарып, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Қала ішіндегі жолдарды тұрақты бақылауда ұстап, ақаулар мен кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларды жөндеу жоспарына енгізу жөнінде жауапты сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктелді.
Қызылорда қаласының жол инфрақұрылымын жақсарту – тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына, қауіпсіздігіне және ыңғайлы қозғалысына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесінде шет аймақтардан бастап орталыққа дейінгі жолдар кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи талаптарға сай келтірілуде.
Қала басшылығы күнделікті бақылау жүргізіп, барлық жобалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын талап етіп отыр. Бұл бастамалар Қызылорданың инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.







