Қаладағы санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында рейдтік шаралар жүруде

1 551

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚала аумағында жеке сектордағы тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіру, санитарлық нормалардың сақталуын тексеру және көше келбетіне нұқсан келтіретін заңбұзушылықтарды анықтау бағытында жұмысшы топтың кезекті рейді өтті. Тексеру барысында бірқатар олқылықтар тіркеліп, үй иелеріне тиісті ескертулер жасалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ашық жатқан құрылыс материалдары мен жарамсыз жарнамалар анықталды

Рейд нәтижесінде Ы.Жақаев көшесі, №83 үйдің алдында құрылыс материалдарының көше бойында ретсіз, ашық күйде жатқаны анықталды. Бұл жағдай санитарлық нормаларға сай емес әрі көше тазалығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етеді.

Сонымен қатар, Т.Есетов көшесі бойындағы бір тұрғын үйдің қақпасына ілінген тозығы жеткен сыртқы жарнама (билборд) жол бойының эстетикалық келбетін бұзып тұрғаны белгілі болды. Жұмысшы топ өкілдері қақпаға ілінген түсі оңып, жарамсыз күйге түскен жарнаманы дереу алып тастауға шешім қабылдады.

Бірқатар заңбұзушылықтар тіркелді

Тексеріс келесі кезекте Т.Әубәкіров көшесінің бойында жалғасты. Мұнда да бірқатар тұрғын үйлерде заң талаптарының өрескел бұзылғаны байқалды. Атап айтқанда: құрылыс материалдарының бей-берекет тасталуы; жаяу жүргіншілер жүретін жолдың бөгелуі; үй маңындағы тазалықтың сақталмауы, қоқыстың шашылуы; аула төңірегінің қамыс басуы; кәріз құдығының қақпағы ашық қалдырылып, балалар өміріне қауіп төндіру жағдайы анықталды.

Бұл заңбұзушылықтар тұрғындардың қауіпсіздігі мен санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуына айтарлықтай кедергі келтіреді.

Үй иелеріне ескерту жасалды

Жұмысшы топ мүшелері анықталған кемшіліктер үшін жауапты тұрғындарға тиісті ескертулер жасап, заңға қайшы әрекеттерді және сыртқы көріністі бұзатын олқылықтарды шұғыл түрде жоюды тапсырды. Талаптарды орындау бойынша бақылау жұмыстары жалғасады.

Рейдтер күнделікті өткізіледі

Қаланың санитарлық тазалығы мен көріктендіру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шаралар күн сайын жүргізілуде. Жұмысшы топ қала көшелеріндегі тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді жоспарлап отыр.