Қызылорданың құрылыс саласы рекорд жаңартты: 10 айда 110% орындалған жоспар
Соңғы жылдары Қызылорда облысында құрылыс саласы серпінді дамып, өңірдің келбеті айтарлықтай өзгеріп келеді. Жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, спорттық және мәдениет мекемелері халық игілігіне беріліп, облыс инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл жетістіктердің барлығы – мыңдаған құрылысшының еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев он айда атқарылған жұмыстар жайлы кеңінен баяндап берді.
Биыл облыстағы тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 10 айдың қорытындысы бойынша 766,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – жоспардың 110 пайызға орындалғанын көрсетеді. Жыл соңына дейін барлық қаржыландыру көздерінен 870 мың шаршы метр тұрғын үйді халық игілігіне беру жоспарланып отыр.
Құрылысшылардың қажырлы еңбегімен жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, көпбалалы отбасылар мен жас отбасыларға арналған баспаналар саны артып келеді. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған үлкен қадам.
Ерлан Төрәлиевтің айтуынша, 2025 жылға 166,8 млрд теңге қаржы қарастырылып, облыс бойынша 96 жоба құрылысын жүргізу көзделген. Сонымен қатар, 2980 пәтерді сатып алу да жоспарға енгізілген.
“Келешек мектеп” жобасы – аймақта алғаш толық орындалған бағдарлама
Ұлттық жоба аясында 10 мектептің (барлығы 6900 орын) құрылысы жоспарланса, Қызылорда облысы бұл міндетті республика бойынша алғашқылардың бірі болып толық орындады. Барлық мектептер уақытында салынып, жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашты.
Бұған қоса физика-математикалық мектеп, музыкалық колледж, шығармашылық инновациялық орталығы (Сұлтан Бейбарыс пен Назарбаев көшелерінің қиылысында), Шиелідегі 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық өнер мектебі толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін Арал ауданы Жалаңаш ауылындағы 150 орындық мектеп те дайын болмақ.
Денсаулық сақтау саласындағы жаңа тыныс.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту – облыс басшылығының басты басымдықтарының бірі.
Қызылорданың сол жағалауында 300 төсектік көпбейінді аурухананың және 100 келушіге арналған емхананың құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. Арал және Қазалы аудандық ауруханалары қайта жаңғыртылып, жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Қамқорлық орталығын бейімдеу жұмыстары да қазіргі таңда мәреге жақын. Шиелі және Жаңақорған аудандық ауруханаларының реконструкциясы толық аяқталып, халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, Шиелі кентіндегі инфекциялық аурухана да пайдалануға берілді. Бұл нысандар өңір тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Мәдениет саласында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Қаланың сол жағалауындағы Тарихи-өлкетану мұражайы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарындағы Руханият орталықтары осы жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыс орталығындағы Достық үйінің құрылысы да аяқталады деп жоспарланып отыр.
Өткен жылы құрылысы басталған 11 мың орындық заманауи стадион биыл қазан айында мерзімінен бұрын аяқталып, салтанатты түрде ашылды. Бұл стадион аймақтың спорттық өміріне тың серпін бермек.
Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен “Қызылорда Арена” спорт кешені, «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен сол жағалаудағы жаңа спорт кешені құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қызылорда облысында 2024–2025 жылдары іске асырылған және жоспарланған құрылыстар – өңірдің экономикалық қуатын арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды қадамдар. Тұрғын үй көлемінің артуы, жаңа мектептер мен ауруханалардың салынуы, мәдениет және спорт нысандарының бой көтеруі – аймақтың келешек көкжиегін кеңейтетін игілікті істер.
Құрыш қолды құрылысшылардың маңдай терімен салынған әр нысан – Қызылорданың дамуына қосылған зор үлес.







