Қызылордада спорт пен туризм қарқынды дамуда: жыл қорытындысы
2025 жыл Сыр өңірінің спорт саласы үшін ерекше табысты болды. Инфрақұрылымның жаңаруы, жаңа нысандардың ашылуы және спортшылардың халықаралық ареналарда қол жеткізген жетістіктері аймақтың спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев өңірлік баспасөзге мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жыл бойы Сыр өңірінде бірқатар маңызды спорттық нысандар іске қосылды. Солардың бірі – UEFA-ның 4-ші санатына сәйкес салынған жаңа «Kaysar Arena» стадионы. Заманауи арена Қазақстан кубогінің финалдық матчымен ресми түрде ашылып, ел футболындағы айтулы оқиғалардың жаңа мекеніне айналды.
Қызылорда қаласының сол жағалауында «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік қолдау қорымен бірлесіп салынған Теннис орталығы өңірде бұқаралық теннистің дамуына үлкен серпін бермек.
Сонымен бірге аймақ басшысының қолдауымен ерлер және әйелдер бокс клубы ресми түрде ашылды. Бұл – бокс мектебі мықты өңір үшін уақтылы әрі маңызды шешім.
2025 жыл өңір спортшылары үшін тарихи жеңістерге толы болды. Бір жыл көлемінде Сыр спортшылары әлемдік және құрлықтық деңгейде Қазақстанның атын жоғары ұстап, аймақтың спорттық абыройын асқақтатты.
Айдос Сұлтанғали – 26 жылдан кейін грек-рим күресінен әлем чемпионы атанып, қазақ күресі тарихында жаңа белес жасады. Нұрсұлтан Алтынбек – бокстан Әлем Кубогінің чемпионы. Гүлсая Ержан, Зарина Толыбай, Ақбота Болат – бокстан Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Бақтияр Артаевтың айтуынша, аймақ спортшыларының әрбір жетістігіне облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, арнайы шәкіртақылар тағайындалған.
Аймақтағы ең ірі жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метр болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені. Нысанда халықаралық талапқа сай: 50/25 метрлік олимпиадалық бассейн, бірнеше жаттығу залдары, ойын спорт түрлеріне арналған алаңдар орналастырылады. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
Сонымен бірге, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы жыл соңында пайдалануға беріледі.
Аталған қордың демеушілігімен биыл Шиелі және Жалағаш аудандарында ангар типтес жаңа спорт нысандары салынып, ауыл жастарының игілігіне табысталды.
2025 жылы Сыр өңірі еліміздегі ең ірі спорттық іс-шаралардың алаңына айналды. Аймақ алғаш рет: Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир, Бокстан ҚР VI жастар спорттық ойындары, Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнир, Аралбай Махамбетовты еске алуға арналған шахматтан халықаралық турнир, Велорий Пактың жүлдесіне арналған ауыр атлетикадан халықаралық турнир сынды үлкен жарыстарды қабылдады.
Сонымен қатар велоспорттан ҚР Кубогы мен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өтсе, «Спорт күні» мерекесі алғаш рет Олимпиада чемпиондарының қатысуымен Өнер орталығында өтті.
Спорт саласындағы серпінді дамумен қатар, 2025 жылы өңірдің туризм бағытындағы жұмыстары да нәтижелі болды. Жазғы маусымда 13 шағын және 2 ірі демалыс аймағы жұмыс істеп, келушілерге сапалы қызмет ұсынды.
Туристерге сапалы сервистік қызмет көрсету мақсатында аймақта бірқатар нысандардың құрылысы жүріп жатыр:
- халықаралық деңгейдегі «Rixos» және «Pana» қонақүйлері;
- қайта жаңғыртудан өткен «Қалалық мәдени және демалыс паркі»;
- жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан ҚР Тұңғыш Президенті саябағы;
- жаңадан ашылған заманауи парк.
Облыс әуежайында туристерге арналған ақпараттық бұрыш орнатылып, маусым айынан бастап Қызылорда – Анталия бағытындағы халықаралық тұрақты рейс ашылды. Аптасына бір рет қатынайтын бұл бағыт өңірдің туристік әлеуетін арттырып, шетелдік қонақтарды тартуға жаңа мүмкіндік берді.
2025 жыл Сыр өңірі үшін спорт пен туризм саласында дамудың жаңа кезеңін ашты. Халықаралық стандарттағы жаңа нысандар, өңір спортшыларының тарихи жеңістері, әлемдік деңгейдегі жарыстардың ұйымдастырылуы және туристік инфрақұрылымның жаңаруы – аймақтың келешекте ірі спорттық және туристік орталықтардың біріне айналарынан хабар береді.







