Қызылордалық 95 жастағы тыл ардагері мүгедектік ала алмай жүр
Қызылорда қаласында жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған, көру және есту қабілеті жоғалған 95 жастағы тыл ардагері бірнеше айдан бері мүгедектік рәсімдей алмай жүр,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бейбіш Әлиеваның жағдайы жылдан-жылға қиындап, қазір төсек тартып қалған. Балаларының айтуынша, анасының көзі көрмейді, құлағы естімейді. Соған қарамастан, қажетті диагноз қою мен құжат рәсімдеу ісі созылып кеткен.
“Алты дәрігер үйге келді. Көрді де, ‘рентгенге апару керек’ деді. Апа жүре алмайды, отырмайды. Құлағы естімейді, көзі көрмейді. Бір айдан асты, әлі нәтиже жоқ. Көмектесу орнына жұмысымызды көбейтіп отыр”, – дейді кейуананың қызы Несібелі Әлиева.
Туыстары дәрігерлердің салғырттығы мүгедектік алу процесін қиындатқанын айтады.
Ал әлеуметтік бағдарламаларға жауапты департамент мамандарының айтуларынша, мұндай жағдайда үйден шықпай-ақ құжат дайындаудың арнайы тәртібі бар.
“Науқас емханаға бара алмайтын жағдайда шақырту жасалып, дәрігерлер үйге барып тексеруі тиіс. Окулист, психиатр, невропатолог қорытынды жасап, мәлімет береді. Егер мүгедектік белгілері анықталса, құжатты сол жерден рәсімдеуге болады”, – дейді Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің бөлім басшысы Мадина Жұмағалиева.
Мекеме өкілдері дәрігерлердің өздері істі күрделендіріп отырғанын айтады. Ал тыл ардагерінің жағдайы күн санап нашарлап бара жатқанын жеткізген туыстары жауапты мамандарды сотқа беруге дайындалуда.







