Қызылордада құқық бұзушылық саны төмендеді

2 521

Фото:© polisia.kzҚызылордада қылмыс деңгейі төмендеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.

Қызылорда облысында 2025 жылы тіркелген қылмыстық істердің саны 2,5%-ға қысқарды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың прокуроры Ризабек Ожаров пен полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов мәлімдеді. Брифинг барысында полиция департаментінің басшысы өңірдегі жедел ахуалдың тұрақты бақылауда екенін атап өткен. 

- Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі 2 пайызға азайды. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар саны төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі республика бойынша 57 болса, облысымызда бұл көрсеткіш 32-ні құрап отыр. Яғни, біз қауіпсіз өңірлер қатарындамыз. Сонымен қатар соңғы үш жылда өңірде ұрлық қылмыстары 63 пайызға төмендеп, пәтер және тонау деректері айтарлықтай азайды. Ал мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталды, - деді Серік Жүрсінбайұлы.

Құқық қорғау органдарының бірлескен және жүйелі жұмысы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік берді. Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жаңа бастамаларды іске асырды.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша 10 дана "Sunqar" автоматтандырылған құрылғысы орнатылып, жол қиылыстарында бейнебақылау жүйелері кеңейтілді. Жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтау және жол апаттарының алдын алу үшін арнайы мониторинг жүргізілуде. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық платформалар арқылы тұрғындарды жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп ережелері туралы үнемі хабардар ету жұмыстары күшейтілді.

 Сонымен қатар, цифрлық технологияларды қолдану арқылы киберқылмысты бақылау шаралары да жетілдірілді. Полиция департаменті банктер мен байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтық пен интернеттегі заңсыз әрекеттерді алдын алу бойынша арнайы жұмыстар жүргізуде. Өңірдегі құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың сенімін арттыруға бағытталған.