ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЕГІН АЛҚАБЫНА АЛҒАШҚЫ ДӘН СЕБІЛДІ

1 504

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЕГІН АЛҚАБЫНА АЛҒАШҚЫ ДӘН СЕБІЛДІ

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Сырдария ауданы аумағындағы Нағи Ілиясов атындағы ауылға барып, көктемгі егіс науқанының басталуына арналған алғашқы дән себу рәсіміне қатысты.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және еңбек ардагерлерімен бірге егіс алқабына алғашқы дән сеуіп, шаруаларға мол өнім, берекелі жыл тіледі. Ол ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі ел ырысының негізі екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан аграрлық салаға көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды.

Іс-шара аясында облыс әкімі заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, минералдық тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары және инновациялық агротехнологиялар көрмесімен танысты. Көрмеде ұсынылған жаңа үлгідегі техника мен озық шешімдер егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған.

Биылғы вегетациялық кезеңде облыстың егіс алқаптарын суаруға 3,2 млрд текше метр су лимиті бөлінген. Жалпы көлемі 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Оның ішінде дәнді дақылдар 89,7 мың гектарды, майлы дақылдар 6,1 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 73,2 мың гектарды, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектарды құрайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты биыл күріш алқаптарын 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланып, оның орнына суды аз қажет ететін әрі өнімділігі жоғары жүгері дақылдарының көлемін арттыру көзделген.

Қазіргі таңда ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары аяқталуға жақын. Егіс науқанына қажетті тұқым, тыңайтқыштар, жанар-жағармай және техника толық қамтамасыз етілген. Жалпы 3 975 ауыл шаруашылығы техникасы көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылған.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 21,7 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берілген. Оның 10,1 мың тоннасы көктемгі егіс жұмыстарына, ал 11,6 мың тоннасы күзгі жиын-терім науқанына пайдаланылмақ.

Егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мақсатында мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Алдағы үш жылға бұл бағытта 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылса, оның шамамен 10 млрд теңгесі биылғы жылға бөлінген.

Соңғы жылдары өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны айтарлықтай артып, қолдану көлемі төрт есеге өсіп, 16,7 мың гектарға жеткен. Бұл бағытта бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «Харвест Агро» серіктестігі Жалағаш ауданы аумағында жүгері, соя және техникалық қарасора егіп, 21 мың гектар жерге агроөнеркәсіптік кластер құруда. Ал «Центр семеноводства» серіктестігі Шиелі ауданы аумағында 10 мың гектар жерге жүгеріні жаңбырлатып суару әдісімен егуде. Сонымен қатар, «Таң ЛТД» серіктестігі 3 мың гектар алқапқа жүгеріні тамшылатып суару технологиясымен өсіру жобасын іске асыруда.

Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. Алғашқы дәннің себілуі – мол өнім мен берекелі еңбектің бастауы ретінде бағаланып, диқандар үшін жаңа маусымға сенімді қадам болды.