Қармақшы ауданы Руханият орталығында «Аталар мектебі – рухани тәрбие негізі» атты тағылымды іс-шара өтті
Қармақшы ауданы Руханият орталығында «Аталар мектебі – рухани тәрбие негізі» атты тағылымды іс-шара өтті.
Қармақшы ауданының Руханият орталығында «Аталар мектебі – рухани тәрбие негізі» атты мазмұнды әрі тағылымы терең іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Кездесудің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-баба өнегесін жаңғырту және қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту болды.
Шараға аудан ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, жастар және түрлі сала мамандары қатысып, ұлттық тәрбие мен
дәстүр сабақтастығы төңірегінде өзара пікір алмасты. Кездесу барысында Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі Бақытұлы Нұралы сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке ұлттық тәрбиенің мән-маңызы туралы кеңінен тоқталды. Ол өз баяндамасында қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының тәрбиелік мәніне ерекше назар аударып, оларды қазіргі қоғам өмірінде тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының рөлі, ата-ананың балаға берер өнегесі, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету сияқты ізгі қасиеттердің қоғамдағы орны жан-жақты сөз етілді. Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда жаһандану үдерісінде ұлттық болмысты сақтау, жастарды рухани тұрғыда тәрбиелеу – ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Іс-шара барысында қоғамның тұтастығына кері әсерін тигізетін жат діни ағымдардың алдын алу мәселесі де кеңінен
талқыланды. Бұл бағытта қатысушыларға сақтық шаралары түсіндіріліп, дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, жастарды теріс идеологиядан қорғаудың маңыздылығы айтылды. Дін саласындағы тұрақтылықты сақтау – ел бірлігінің кепілі екені ерекше атап өтілді.
Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Құлдүйсенов Әбдірахман сөз алып, мұндай тағылымды кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін жеткізді. Ол ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған шаралардың жастар тәрбиесінде ерекше рөл атқаратынын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, көпшілікке ақ батасын беріп, елдің амандығы мен бірлігін тіледі.
Кездесу қорытындысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Іс-шара рухани тәрбие мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
@Қармақшы аудандық «Қармақшы ата» мешітінің баспасөз қызметі







