«ҚЫЗЫЛОРДА ЭЛЕКТР ТАРАТУ ТОРАПТАРЫ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
«ҚЫЗЫЛОРДА ЭЛЕКТР ТАРАТУ ТОРАПТАРЫ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрағалық еткен мәжілісте «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес компанияның басқарма төрағасы лауазымына тағайындалған Бауыржан Жантасов таныстырылды.
Жиын барысында аймақ басшысы жаңа басшының алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Атап айтқанда, өңір тұрғындарын электр энергиясымен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз ету, облыс аумағындағы электр желілері мен қондырғыларының тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету, апатты жағдайлардың алдын алу және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, компанияның қаржылық-экономикалық жағдайын тұрақтандыру, дебиторлық және кредиторлық берешектерді азайту, инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, еңбек қауіпсіздігін сақтау және өндірістік тәртіпті күшейту мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды. Облыс әкімі алдағы күзгі-қысқы және жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізудің маңыздылығына тоқталып, электр желілерінің сенімді
жұмысын қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Бауыржан Жантасов 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Алматы энергетика және байланыс университетін «Инженер-электрик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар, «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие. Халықаралық тәжірибені меңгеру мақсатында Германияның Бернбург қаласындағы Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінде білім алып, «Энергетикалық саясат және халықаралық сауда» бағыты бойынша іскерлік басқару магистрі бағдарламасын аяқтаған.
Еңбек жолын «KEGOC» акционерлік қоғамында электр монтері болып бастаған. Кейін энергетика саласында ұзақ жылдар бойы түрлі жауапты қызметтер атқарып, өндірістік және басқарушылық тәжірибе жинақтады. Әр жылдары «ПромСтрой-Энерго», «Кернеу» серіктестіктерінде, сондай-ақ «Алатау жарық компаниясы» акционерлік қоғамында басшылық лауазымдарда еңбек етіп, кәсіпорындардың өндірістік тиімділігін арттыру, қаржылық жағдайын жақсарту және заманауи басқару жүйелерін енгізу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізген.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жаңа басшыға сенім білдіріп, энергетика саласындағы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі өңірдің электр энергетикасы жүйесін дамытуға оң серпін беретініне сенім білдірді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







