Қармақшы ауданының әкімі тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті
Қармақшы аудан әкімі тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті
ЖЕҢІСКЕ ҚОСЫЛҒАН ТЫЛДАҒЫ ЕҢБЕК ЕЛ ЕСІНДЕ
Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында тылда аянбай еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан аға буын өкілдерінің ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Жеңіс – тек майдан даласында қарумен шайқасқан батырлардың ғана емес, тылда күн-түн демей еңбек еткен жандардың да ортақ жеңісі. Осыған орай бүгін 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне байланысты аудан әкімі Жандос Еркінбек тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Аудан басшысы алдымен тыл ардагері Зинеп Оқасованың шаңырағына барды. Ақ жаулықты ананы Жеңіс күнімен құттықтап, ізгі тілегі мен жылы лебізін жеткізді. Кездесу барысында аудан әкімі ардагерлердің өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі екенін атап өтті.
Зинеп Оқасованың балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Елдегі барлық қиындық пен ауыртпалықты бала кезінен көріп өскен ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ тыл жұмыстарына белсене араласқан. Сол кезеңде ересектермен бірге егіс даласында еңбек етіп, ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысып, елдің
тұрмысын көтеруге өз үлесін қосты.
Соғыс жылдарындағы ауыр еңбек пен бейбіт кезеңдегі адал қызметі үшін Зинеп Оқасова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Бүгінде ардақты ана үлкен әулеттің алтын қазығына айналып, ұрпақтарына тәлім-тәрбие беріп отырған абыройлы жан.
Аудан әкімі ардагер анаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, мерекелік сый-сияпат табыстады.
Мұнан соң аудан басшысы тыл ардагері Тәжіхан Бұхарбаевтың шаңырағына арнайы барып, мерекелік құрмет көрсетті. Ақжар ауылында дүниеге келген Тәжіхан Кетеғұлұлы жастайынан еңбекке араласып, ел басына түскен ауыр кезеңде аянбай жұмыс істеген.
Соғыс жылдарында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, елдегі тіршіліктің тоқтап қалмауына өз үлесін қосқан қария бейбіт заманда да түрлі салаларда абыройлы қызмет атқарған. Саналы ғұмырын еңбекпен өрген ардагер бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы болып отыр.
Кездесу барысында Тәжіхан ақсақал өткен күндерден естеліктер айтып, қазіргі бейбіт өмірдің қадірін білу керектігін жеткізді. Сонымен қатар жастардың білімді, еңбекқор әрі отансүйгіш болып өсуі маңызды екенін атап өтті.
Аудан әкімі ардагердің өнегелі өмір жолына тоқталып, ел үшін еткен еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін айтты.
– Сіздердің ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Қандай қиын кезеңде де елге қызмет етіп, төзім мен табандылықтың үлгісін көрсеттіңіздер. Біз сіздерге әрдайым құрметпен қараймыз, – деді Жандос Еркінбек.
Сонымен қатар аудан әкімі ауданымыздың Құрметті азаматы Иса Бисеновтің шаңырағына да арнайы барды. Иса Бисенов – саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, халықтың денсаулығын қорғау жолында ұзақ жылдар еңбек еткен азамат.
Әскери борышын өтеу кезінде Вьетнам соғысы қимылдарына қатысып, халықаралық деңгейдегі әскери міндеттерді атқарған. Кейін елге оралған соң медицина саласында қызмет етіп, аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға зор
үлес қосты.
Ел алдындағы ерен еңбегі мен азаматтық ұстанымы үшін көптеген медальдармен, мерейтойлық наградалармен және халықаралық деңгейдегі марапаттармен марапатталған.
Кездесу барысында аудан әкімі Иса Бисеновтің өмір жолы – елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
– Сіздердің өмір жолдарыңыз – тарих. Жас ұрпақ сіздерден өнеге алып, елге қызмет етудің мәнін түсінуі керек. Бүгінгі бейбіт өмір – сіздер секілді аға буынның еңбегінің жемісі, – деді аудан басшысы.
Ардагерлер де өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тіледі. Ақсақалдар ақ баталарын беріп, еліміздің ынтымағы мен бірлігі нығая беруіне тілектестік білдірді.
Кездесулер барысында аудан әкімі тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, олардың есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
Сонымен қатар бүгінгі ұрпақтың міндеті – аға буынның ерлігі мен еңбегін қадірлеп, бейбіт өмірдің бағасын білу екені ерекше айтылды. Ардагерлерге құрмет көрсету – ел тарихына тағзым жасаудың, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың айқын көрінісі екені атап өтілді.
Мерекелік кездесулер соңында аудан әкімі ардагерлерге арнайы «Алғыс хат» табыстап, естелік сыйлықтар ұсынды. Кездесу жылы әрі әсерлі жағдайда өтіп, ел ағалары ақ баталарын берді.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







