ШИЕЛІДЕ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ШИЕЛІДЕ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс отырысы өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ сала мамандары қатысты.
Мәжілістің негізгі күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарының барысы, егін науқанын сапалы ұйымдастыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау және егіс алқаптарын әртараптандыру мәселелері жан-жақты қаралды. Аудан аумағында аграрлық секторды дамытуға бағытталған жұмыстардың қазіргі жағдайы мен алдағы міндеттері талқыланды.
Аудан әкімі өз сөзінде соңғы жылдары өңірде вегетациялық кезеңнің су тапшылығы жағдайында өтіп жатқанын атап өтті. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы саласына қосымша жауапкершілік жүктейтінін айтып, су ресурстарын үнемдеу және тиімді басқару – басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан егін шаруашылығын қолдау бағытында жүйелі шаралар қабылданып отырғанын, оның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту,
су арналарының жағдайын жақсарту және шаруашылықтарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкімет деңгейінде қабылданған шешімдерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, су тапшылығы жағдайында егіс құрылымын оңтайландыру, суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру, сондай-ақ агротехнологияларды жетілдіру мәселелері көтерілді. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің 2026 жылғы егін науқанында бекітілген көлемнен артық егін егілген жағдайда су ресурстарын бөлуде шектеулер енгізілетіні жөніндегі ескертуі де талқылау барысында айтылып, бұл талаптардың қатаң сақталуы қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының су ресурстарын ұтымды пайдалану және суды көп қажет ететін дақылдар көлемін кезең-кезеңімен қысқарту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, облыс көлемінде күріш егістігінің құрылымы қайта қаралғаны айтылды. Биылғы жылы күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда едәуір қысқартылып, орнына тиімділігі жоғары әрі су үнемдейтін дақылдарды орналастыру көзделген. Бұл шешім өңірдің экологиялық және
экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аудан бойынша да күріш алқаптарының көлемі нақтыланып, 10 мың 600 гектарды құрайтыны жеткізілді. Қысқартылған егістік алқаптарының орнына жүгері, майлы дақылдар, мал азығы дақылдары және басқа да суды аз қажет ететін ауыл шаруашылығы өнімдерін егу жоспарланып отыр. Бұл бағытта шаруашылық иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрылымға бейімделу бойынша нақты тапсырмалар берілуде.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков баяндама жасап, аудан бойынша көктемгі егіс жұмыстарының барысына кеңінен тоқталды. Ол техника дайындығы, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, тұқым қорының жеткіліктілігі, минералды тыңайтқыштарды қолдану және ағын су мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ, шаруашылық құрылымдарының дайындығы мен егіс науқанының кезең-кезеңімен орындалу барысы баяндалды.
Баяндама барысында ауыл шаруашылығы саласында кездесетін бірқатар түйткілді мәселелер де атап өтілді. Атап
айтқанда, су жеткізу кестесін нақтылау, каналдарды тазалау, су үнемдеу технологияларын енгізу, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдану қажеттілігі айтылды. Бұл бағытта аудан аумағында пилоттық жобалар енгізу мүмкіндігі де қарастырылуда.
Сонымен қатар, мәжіліс барысында қосымша үш маңызды мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпті су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ернұр Райымбеков жаз мезгілінің жақындауына байланысты суға шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, балалардың бақылаусыз суға түсуінің алдын алу, рұқсат етілмеген орындарда шомылуға жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, профилактикалық рейдтер мен түсіндіру шараларының күшейтілетіні айтылды.
Екінші мәселе – көлік салығының орындалуы және кәсіпкерлік нысандарын қайта бағалау жұмыстары. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Абдрахманов салық түсімдерін арттыру, салық базасын кеңейту және кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін заң талаптарына сәйкестендіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандарды түгендеу және қайта бағалау жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді.
Үшінші мәселе – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының барысы. Мәжілісте аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру, қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру, көгалдандыру жұмыстарын күшейту мәселелері талқыланды. Бұл бағытта барлық ауылдық округтерде сенбіліктер өткізу және тұрғындарды белсенді қатыстыру қажеттігі айтылды.
Жиын барысында сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында цифрлық технологияларды енгізу, жер ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар жөнінде де пікір алмасу болды. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасуы қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану, егіс құрылымын әртараптандыру, қауіпсіздік шараларын күшейту және экологиялық акцияларды кеңінен жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар, барлық жауапты мекемелерге жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау, есептілік жүйесін күшейту және туындаған мәселелерді жедел шешу міндеттелді. Аудан әкімі алдағы кезеңде ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың нәтижелілігі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс барысында айтылған барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Фото: @Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі







