Қызылордада пробация есебіндегі сотталған сот залынан қамауға алынды
Шиелі аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат сот жүктеген міндеттерді орындамай, пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды. Н. есімді азамат мал ұрлығы қылмысын жасағаны үшін сот үкімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, пробациялық бақылауға алынған.
Алайда есепке алынған күннен бастап пробация инспекторлары тарапынан жазаны өтеу тәртібі мен заң талаптары бірнеше рет түсіндірілгеніне қарамастан, сотталған белгіленген міндеттерді орындамаған. Атап айтқанда, жазаны өтеуден қасақана жалтарған, электронды бақылау білезігін әдейі кесіп, зақымдаған .Сонымен қатар түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған.
Аталған заң бұзушылықтары үшін оған төрт рет ескерту түріндегі жазалау шарасы қолданылған. Дегенмен сотталған тиісті қорытынды шығармай, тәртіп бұзушылығын жалғастырған.
Осыған байланысты Шиелі аудандық пробация қызметі сотқа оның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс жолдаған.
Сот қаулысымен жазаның өтелмеген 1 жыл 2 ай мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Нәтижесінде азамат сот залынан қамауға алынды.
Пробациялық бақылаудың басты талабы – сотталған азаматтың заң талаптарын сақтап, өзіне жүктелген міндеттерді орындауы. Ал белгіленген тәртіпті қасақана бұзу заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Қаз
Рус






