ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

1 508

ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков І жартыжылдық қорытындысы бойынша Иіркөл ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.

Аптаның алғашқы күнінде ұйымдастырылған кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, тиісті мекеме жетекшілері, ауыл ақсақалдары, жастар және округ тұрғындары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – елді мекендерде атқарылған жұмыстардың нәтижесін халыққа таныстырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастыру болды.

Кездесу барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инвестициялық жобалар, инфрақұрылым саласындағы жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы жан-жақты баяндады.

Аудан басшысы өз сөзінде халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы ауылдардың әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Бүгінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асуда. Инфрақұрылымды дамыту, жол салу, газдандыру, жарықтандыру, ауызсу, интернет сапасын арттыру мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында Иіркөл ауылдық округінде атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Жансейіт елді мекенінде газ құбырын тарту жұмыстары толық аяқталып, тұрғын үйлер көгілдір отынға қосылды. Бұл – ауыл халқы үшін аса маңызды әрі көптен күткен игілікті жобалардың бірі болды.

Сонымен қатар, Ы.Жақаев ауылындағы 10 көшеге асфальт төселіп, жол инфрақұрылымы айтарлықтай жаңартылды. Жолдардың сапалы салынуы тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасап, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Елді мекендерді абаттандыру және көркейту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйі аумағында орналасқан Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев кесенесінің артқы қоршаулары толық жаңартылды. Бұл жұмыстар тарихи-мәдени орындарды сақтау мен ауылдың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған.

Ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Нақты айтқанда, Ы.Жақаев ауылындағы Нүрекеев, Ә.Қоңыратбаев, А.Сейділдаев көшелеріне және Жансейіт елді мекеніндегі И.Құтпанұлы көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сонымен қатар, екі елді мекендегі қолданыстағы көше жарықтары жаңартылып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда.

Кездесу барысында электр энергиясына қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Жансейіт елді мекенінде жаңа трансформатор орнатылып, тұрғындарды алаңдатқан электр қуатының жетіспеушілігі мәселесі оң шешімін тапты. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде.

Сонымен қатар, ауыл жастары мен тұрғындарының игілігі үшін «Береке» спорт кешені ашылып, пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған спорт нысаны жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Байланыс және интернет сапасын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Ауылдық округтегі интернет желісі оптикалық талшықты байланыс жүйесіне ауыстырылып, тұрғындардың сапалы интернетке қол жеткізу мүмкіндігі артты. Бұл әсіресе білім беру, кәсіпкерлік және цифрлық қызметтерді пайдалану үшін аса маңызды.

Сондай-ақ, К-4 су қашыртқысының Ы.Жақаев ауылынан 21-бекетке дейінгі аралығында тазарту жұмыстары жүргізіліп, арамшөптер мен қоғалардан толық тазартылды. Аталған жұмыстар су жүйелерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы саласына оң әсерін тигізуде.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары аудан әкіміне өз ұсыныс-пікірлерін айтып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Тұрғындар негізінен жол жөндеу, көше жарығы, қоғамдық көлік, абаттандыру және әлеуметтік нысандарға қатысты сауалдарын жеткізді.

Аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, барлық ұсыныстар заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналып, тұрғындардың талап-тілегін тікелей тыңдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге және халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Шиелі ауданында алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі