ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА «ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ – ҰЛТ ТІРЕГІ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

1 506

Ұлттық тәрбиені дәріптеп, отбасы институтының қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен өнегелі отбасылар қатысты. Мерекелік басқосу – ұрпақ сабақтастығын дәріптеп, отбасы бірлігінің құндылығын айшықтаған рухани кешке айналды.

Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, жиналған қауымды Халықаралық отбасы күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол отбасының адам өміріндегі орны ерекше екеніне тоқталып, берекелі шаңырақтың ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Әр адамның тұлға болып қалыптасуы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Берекелі отбасы – мемлекет тұрақтылығының, ел бірлігі мен қоғам дамуының берік негізі. Ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіріп, тәрбиелі, саналы буын қалыптастыру – әр шаңырақтың басты міндеті. Осындай өнегелі, ынтымағы жарасқан отбасылар – қоғамымыздың рухани тірегі әрі ел ертеңінің кепілі», – деді Ғ.Сүлейменов.

Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев сөз алып, қазақ қоғамындағы отбасының рөлі мен үлкеннің тәрбиелік мәні туралы тағылымды ойларын ортаға салды. Ол бүгінгі қоғамда ұлттық тәрбиені сақтаудың маңызы зор екенін айтып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруде ата-ананың жауапкершілігі ерекше екенін жеткізді. Сонымен қатар, «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Мирман отбасы тәрбиесінде ана тілінің орны ерекше екеніне тоқталып, ұлттық рух пен салт-дәстүрдің отбасыдан бастау алатынын айтты. Ол қазақы құндылықтарды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – әр отбасының қасиетті парызы екенін атап өтті. Ал аудандық Әкелер одағының төрағасы Марат Алдабергенұлы әкенің отбасындағы орны мен жауапкершілігі жөнінде мазмұнды пікір білдірді. Оның айтуынша, әке тәрбиесі – ұл мен қыздың болашақ өміріне бағыт беретін маңызды құндылықтардың бірі. Сонымен қатар, ол қазіргі қоғамда отбасы бірлігін сақтау, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Мерекелік кездесуге арнайы шақырылған өнегелі отбасылар кештің мазмұнын арттыра түсті. Таң ауылынан келген «Мерейлі отбасы – 2025» аудандық байқауының ІІ орын иегері Жәнібековтер отбасы көпшілікке үлгілі шаңырақ ретінде таныстырылды. Отбасы мүшелері өзара сыйластық пен түсіністіктің арқасында ұрпақ тәрбиесінде жақсы нәтижелерге жетіп отырғандарын айтып өтті. Сондай-ақ Ақсу ауылынан келген Аппазовтар отбасы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Бір шаңырақ астында төрт буын өкілдері тату-тәтті өмір сүріп отырған отбасы бүгінде үлкен әулеттің берекелі бірлігінің жарқын үлгісі саналады. Отбасы мүшелері ата мен әженің тәрбиесі, ұрпақ сабақтастығы және ұлттық дәстүрдің маңызы туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Шараға Аққұм ауылынан отасқандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелері Жүсіпбековтер отбасы да қатысты. 

Жарты ғасыр бойы бір шаңырақтың түтінін түзу түтетіп келе жатқан отбасы өкілдері жастарға татулық пен сабырдың, сыйластық пен кешірімнің отбасылық өмірдегі маңызы жөнінде ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар Жалағаш кентінен келген «Алтын той» иелері Аймахановтар отбасы мен Қаракеткен ауылынан арнайы келген Жалғасбаевтар отбасы да мерекелік кештің қадірлі қонақтары болды. Ұзақ жылдар бойы отбасы бірлігін сақтап, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болып келе жатқан бұл отбасылар көпшілікке өнеге ретінде дәріптелді. Кездесу аясында шараға қатысқан барлық отбасыларға аудан әкімінің арнайы Құттықтауы табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды. 

Бұл – өнегелі отбасыларға көрсетілген құрметтің белгісі болды. Шара барысында сөз алған Жәнібековтер мен Аппазовтар отбасы қатысушыларды мерекемен құттықтап, отбасы татулығы, бала тәрбиесі, ата-анаға құрмет және шаңырақтың қасиеті туралы жүрекжарды пікірлерін ортаға салды. Мерекелік кеш барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер орындалып, ұлттық рухты көтеретін шығармалар шырқалды. Кеш қонақтары өнерпаздардың өнеріне ризашылықтарын білдіріп, рухани кештен ерекше әсер алғандарын жеткізді.

Тағылымы мол кездесу отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың, ұрпақ тәрбиесінің маңызын кеңінен насихаттаған мазмұнды шара болды. Осындай игі шаралар арқылы ұлттық құндылықтар жаңғырып, отбасы институтының қоғамдағы рөлі арта түсетіні анық. Берекелі отбасы – ел болашағының кепілі екені тағы бір мәрте айқындалған мерекелік кеш көпшіліктің жүрегінде жылы әсер қалдырды.