ҚАРМАҚШЫДА ЖАСТАР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ФУТБОЛ ТУРНИРІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

1 504

ҚАРМАҚШЫДА ЖАСТАР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ФУТБОЛ ТУРНИРІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Ақтөбе ауылдық округінде аудан әкімінің тапсырмасымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және жастар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында футболдан облыстық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Дәстүрлі спорттық додаға облыс көлемінен жастар ұйымдары мен аудандық жастар ресурстық орталықтарының командалары қатысып, өзара бақ сынады. Жалпы жарысқа 7 командадан 100-ге жуық жас спортшы қатысып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Турнирдің негізгі мақсаты – жастарды спортпен тұрақты айналысуға баулу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар, мұндай спорттық жарыстар жастар арасындағы ауызбіршілік пен командалық рухты нығайтуға да үлкен мүмкіндік береді.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Жандос Базартай, спорт ардагерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және спорт сүйер қауым қатысты.

Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жастар арасында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.

– Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, ол тәртіп пен табандылықтың, достық пен бірліктің мектебі. Бүгінгі турнир жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Осындай жарыстар арқылы жастарымыздың бойында жеңіске деген жігер мен отансүйгіштік қасиет қалыптасады, – деді.

Сонымен қатар, облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Жандос Базартай да қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың белсенділігі мен спортқа деген қызығушылығы ерекше қуантатынын жеткізді.

Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі ойын сыйлады. Әрбір кездесу тартысты өтіп, жас футболшылар жеңіске деген жігері мен шеберліктерін паш етті. Командалардың ұйымшылдығы мен алаңдағы белсенділігі көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Турнир қорытындысы бойынша І орынды «Жастар рухы» командасы жеңіп алса, ІІ орын Жалағаш ауданының командасына, ал ІІІ орын Сырдария ауданының командасына бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жарыс барысында ерекше ойын өрнегін көрсеткен қатысушыларға «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қақпашы» номинациялары табысталды.

Турнир қатысушылары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай ауқымды жарыстардың жастарға үлкен серпін беретінін атап өтті. Олар спорт арқылы жаңа достар тауып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алғандарын жеткізді.

Бүгінде Қармақшы ауданында жастар саясаты мен спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Осындай спорттық шаралар – жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтып, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Спорт – дені сау ұлттың кепілі. Сондықтан жастарды спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таба бермек.

@Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі