ЖАЛАҒАШТА ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 14 мамырында Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Маңызды жиынға ауданға қарасты тиісті бөлім және мекеме басшылары, жауапты сала мамандары мен Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Кеңес отырысы қоғамдық маңызы бар бірқатар өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Отырысты Қоғамдық кеңес төрағасы Қ. Құлмахан жүргізіп, күн тәртібіне енгізілген мәселелердің аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайына, инфрақұрылымдық дамуына және қоғамдық өмірге тікелей әсер ететін маңызды тақырыптар екенін атап өтті.
Күн тәртібінде төрт негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, «2026 жылы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілеу туралы» Жалағаш ауданы әкімдігінің қаулы жобасы, «2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №37-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешім жобасы, білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру мәселесі және Жалағаш ауданы әкімдігінің кейбір қаулыларының күшін жою туралы ұсыныс талқыланды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н. Маратқызы хабарлама жасап, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 156-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган коммуналдық қазыналық кәсіпорындардың өндіретін және өткізетін тауарлары мен көрсететін қызметтерінің бағаларын бекітетінін түсіндірді.
Осыған байланысты «2026 жылы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілеу туралы» қаулы жобасы әзірленгені айтылды. Қаулы қабылданған жағдайда коммуналдық мекемелердің ақылы қызмет көрсету тәртібі жүйеленіп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің бағасы нақты белгіленетін болады. Бұл өз кезегінде саладағы ашықтықты қамтамасыз етіп, мекемелердің қаржылық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған мәселе бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері белсенді пікір білдірді. Кеңес мүшелері Қ. Құлмахан, А. Ахметжамиев және Ө. Аманов ауданға қарасты мекемелердің түрлі шараларды өткізу кезінде қаражат төлеу қажеттігі, асаба қызметін жалдау және бассейннің ақылы қызмет бағасына қатысты сұрақтарын қойды. Өз кезегінде тиісті бөлім басшылары бұл бағыттағы жұмыстар қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін түсіндіріп, қойылған сауалдарға нақты жауаптар берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша тағы да аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы хабарлама жасап, аудандық бюджетке енгізілетін өзгерістер жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, аудандық экономика және қаржы бөлімінің резервінен 167,8 млн теңге көлеміндегі қаржыны бірқатар маңызды жобалар мен бағдарламаларға бағыттау ұсынылған. Атап айтқанда, бөлінетін қаржы Бұхарбай батыр ауылындағы 11 көшенің техникалық паспортын әзірлеуге, Н.Сермаханов, Келмембет батыр және Ш.Уәлиханов көшелеріндегі жарық шамдарын қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалмақ. Сонымен қатар Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдық клубтарға сахналық киімдер тіктіру, Аламесек ауылдық округінің теңгеріміндегі бос тұрған ғимараттарды сату рәсімдерін жүзеге асыру секілді жұмыстарға қаржы қарастыру ұсынылды. Бұдан бөлек, кенттегі апаттық жағдайда деп танылған Т.Қыстаубаев көшесі №2 көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына баспана сатып алу, Жалағаш кентінде қоқысқа арналған полигон құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және сараптамадан өткізу мәселелері де қаралғаны айтылды. Сонымен бірге кейбір бағдарлама әкімшілерінің ағымдағы және күрделі шығыстарын қаржыландыру жоспарланған.
Бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері аудан тұрғындарын алаңдататын бірнеше сауал көтерді. Атап айтқанда, Қ. Құлмахан, Ө. Аманов, Б. Құрақбаев және Ғ. Дүйсекбаев Дәуімбай учаскесіндегі көшелерді жарықтандыру, террористік тұрғыдан осал объекті ретінде танылған аудандық мәдениет үйіне сұратылған қаржының қашан бөлінетіні және Аламесек ауылдық округіндегі сатылатын бос ғимараттардың жай-күйі жөнінде сұрақтар қойды. Жауапты мамандар барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Үшінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ. Ербол баяндама жасап, Жалағаш ауданындағы барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысанында білім алатын оқушылар мен тәрбиеленушілерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру туралы мәслихат шешімінің жобасына қолдау көрсетуді сұрады. Ұсынылған жоба қабылданған жағдайда аудан аумағындағы барлық білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімінде оқитын білім алушылар мен тәрбиеленушілер қоғамдық көлікте (таксиден басқа) 30 пайыз жеңілдікпен жол жүру құқығына ие болады. Бұл бастама, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар үшін үлкен қолдау болмақ. Мәселе бойынша кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, Ө. Аманов, Ж. Қорғанбаев және Ғ. Дүйсекбаев кент ішіндегі екі бағыт бойынша ұйымдастырылған жолаушылар тасымалы маршруттарын қайта қарау, Наурыз және Дәуімбай учаскелеріндегі жаңа көшелерді қамту, қоғамдық көлік саны мен оған бөлінетін қаржы көлеміне қатысты сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Б. Сығайбаев «Жалағаш ауданы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылды деп тану туралы» қаулы жобасына тоқталды. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес маңызын жойған және өзектілігі төмен кейбір қаулылардың күшін жою қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты Қоғамдық кеңес мүшелерінен ұсынылған жобаға қолдау көрсету сұралды. Отырыста қаралған барлық мәселелер бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері өз пікірлерін білдіріп, ұсынылған шешім жобаларына бірауыздан келісімдерін берді. Кеңес мүшелері көтерілген мәселелердің аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес төрағасы Қ. Құлмахан кеңес жұмысына қорытынды жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды бастамалардың алдағы уақытта да қоғамдық бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері әрдайым назарда болып, ауданның тұрақты дамуына бағытталған жұмыстар жалғасатынын атап өтті.







