ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА «АЙБЫНЫ АСҚАҚ, АЙБАРЫ МЫҚТЫ АЗАТ ЕЛ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА «АЙБЫНЫ АСҚАҚ, АЙБАРЫ МЫҚТЫ АЗАТ ЕЛ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты мерекелік салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл іс-шара ел қорғаны болған азаматтардың ерлігін ұлықтап, Отан қорғаушылардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталды.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, әскери бөлім командирлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және ғылым саласының қызметкерлері қатысты.
Шараның басты мақсаты – ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметшілердің еңбегін дәріптеу, ардагерлерге құрмет көрсету және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу болды.
Салтанатты кештің ашылуында сөз алған Данияр Жаналинов қатысушыларды мерекемен құттықтап, ел қорғандарының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
– Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет
басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі бейбіт өмір – сол ерлік пен батырлықтың заңды жалғасы, – деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның Қарулы Күштері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғары деңгейдегі кәсібилік пен заманауи әскери дайындықты көрсетіп келеді.
– Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарып отыр. Әскери қызметшілеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы бітімгерлік миссияларға қатысып, халықаралық деңгейде өздерінің жоғары жауынгерлік машығын дәлелдеп келеді. Бұл – еліміздің беделін арттыратын маңызды фактор, – деді Данияр Жаналинов.
Жиында күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар да ерекше аталды. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Шара барысында жалпыұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың арқасында еліміздің қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Ел ішіндегі татулық пен келісім – мемлекет тұрақтылығының басты кепілі екені айтылды.
– Жалпыұлттық бірліктің арқасында елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық сақталып отыр. Бұл – әрбір азаматтың ортақ еңбегінің нәтижесі. Біздің міндетіміз – осы тұрақтылықты сақтап, ел дамуына үлес қосу, – деді Данияр Жаналинов.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөз сөйлеп, ғылым мен қорғаныс саласының өзара байланысының маңыздылығына тоқталды.
Ол өз сөзінде қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйесінде ғылым мен технологияның рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Әскери саладағы инновациялар, цифрлық шешімдер және жаңа технологиялар ел қорғанысын күшейтуге ықпал ететінін жеткізді.
Шара барысында Отанға адал қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері марапат төрінен көрінді. Оларға Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және ведомстволық наградалар табысталды.
Марапат иелерінің қатарында ұзақ жылдар бойы әскери салада еңбек етіп келе жатқан офицерлер, жас сарбаздар және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосқан қызметкерлер болды.
Жиын барысында тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, оларға гүл шоқтары табыс етілді. Ардагерлердің ерлігі
мен еңбегі бүгінгі бейбіт өмірдің негізі екені ерекше атап өтілді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде әскери оркестрдің орындауында патриоттық әндер шырқалып, соғыс жылдары мен бейбіт өмірді бейнелейтін көріністер қойылды.
Әскери қызметшілердің қатысуымен дайындалған көріністер көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жастар патриоттық рухтағы әндер орындап, Отанға деген сүйіспеншілікті паш етті.
Кеш соңында қатысушылар ел тыныштығы мен тұрақтылығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыстарын білдіріп, мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Жалпы, «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты мерекелік іс-шара Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні мерекелерінің мәнін тереңдете түсіп, ел бірлігі мен патриоттық рухты нығайтуға өз үлесін қосты.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







