ҚАЗАЛЫДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

1 511

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов төрағалық еткен аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Маңызды жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, білім беру ұйымдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала мамандары қатысты.

Комиссия отырысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау бағытында атқарылған жұмыстардың барысы жан-жақты қаралды. Сонымен қатар аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелерде жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері талқыланып, анықталған кемшіліктер бойынша нақты мәселелер көтерілді. Жиын барысында аудан әкімі мемлекеттік рәміздердің талапқа сай қолданылмауына қатысты орын алған бірқатар заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді қатаң сынға алды.

Аудан басшысы мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және мемлекеттіліктің басты нышандары екенін атап өтіп, оларды құрметтеу әрбір мемлекеттік қызметкер мен азаматтың міндеті екенін айтты. Комиссия отырысында жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында кейбір ауылдық округ әкімдіктері мен мәдениет үйлерінде мемлекеттік рәміздерді пайдалану және сақтау тәртібіне қатысты заң талаптарының толық сақталмай отырғаны анықталғаны айтылды. Атап айтқанда, мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссиялардың құрылмағаны, тиісті құжаттардың рәсімделмегені, кейбір мекемелердің күшін жойған нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізгені белгілі болды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді сақтау, пайдалану және орналастыру мәселелерінде жауапты тұлғалардың бақылауы әлсіз екендігі де сынға алынды. Аудан әкімі бұл кемшіліктер мемлекеттік рәміздерге деген жауапкершіліктің төмендігін көрсететінін айтып, мұндай жағдайларға жол беруге болмайтынын ескертті. Жиында білім беру ұйымдарында анықталған заң бұзушылықтар да кеңінен талқыланды. Зерделеу барысында кейбір мектептерде мемлекеттік Тудың жыртылғаны, Елтаңба мен Ту орналастырылған тұғырлардың бүлінгені, стендтердегі мәтіндер мен жазулардың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Сондай-ақ кейбір мекемелерде мемлекеттік рәміздердің толық орналастырылмағаны және олардың талапқа сай безендірілмегені белгілі болды. Аудан басшысы мұндай олқылықтардың білім беру ұйымдары үшін мүлде жол беруге болмайтын жағдай екенін ерекше атап өтті. Себебі жас ұрпақтың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор. Мектептер мен мәдениет мекемелері мемлекеттік рәміздерді құрметтеудің үлгісін көрсетуі қажет екені айтылды.

Комиссия отырысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану барысында заң талаптарын сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына мемлекеттік рәміздерді қолдану ережелерін қызметкерлерге тұрақты түсіндіріп отыруды, арнайы семинарлар мен оқыту шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен бірге мемлекеттік мекемелерде орналасқан рәміздердің сапасы мен техникалық жай-күйіне тұрақты түрде бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті. Жиын барысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталынды. Аудан көлемінде мемлекеттік мерекелер, патриоттық шаралар, жастар акциялары мен мәдени-көпшілік іс-шаралар барысында мемлекеттік рәміздерді кеңінен қолдану мәселесі сөз болды. Сонымен қатар тұрғындар арасында мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын түсіндіру, жастардың патриоттық сезімін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Аудан әкімі мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау – әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігінің көрінісі екенін айтып, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерге қатысты кез келген заң бұзушылық немесе немқұрайлы әрекет мемлекеттік идеологияға кері әсер етеді. Сондықтан барлық мекеме басшылары бұл мәселеге айрықша жауапкершілікпен қарауы қажет. Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды. Сонымен қатар барлық мемлекеттік мекеме басшыларына мемлекеттік рәміздердің техникалық жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізу, заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, жауапты тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейту, тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру және анықталған кемшіліктердің қайталануына жол бермеу бойынша нақты міндеттер жүктелді. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдеріне, білім беру және мәдениет саласының басшыларына мемлекеттік рәміздер орналасқан орындарды толық талапқа сәйкестендіру, ескірген немесе бүлінген рәміздерді заң талаптарына сәйкес ауыстыру және мекемелердегі ақпараттық стендтерді жаңарту тапсырылды. 

Комиссия отырысында жауапты бөлімдерге мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселесіне қатысты заңнамаларды қайта зерделеу, құжат айналымын ретке келтіру және барлық мекемелерге әдістемелік көмек көрсету міндеті жүктелді. Сонымен бірге алдағы уақытта жүргізілетін зерделеу жұмыстарының нәтижелері бойынша нақты мониторинг жасалып, орын алған кемшіліктерге қатысты тиісті шаралар қабылданатыны ескертілді. Комиссия отырысының қорытындысымен аудан басшысы аудандық қоғамдық даму бөліміне тиісті хаттамалық тапсырмалар әзірлеуді міндеттеді. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау мәселелері алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатыны айтылды. Жиын соңында аудан әкімі мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елге, жерге және ұлттық құндылықтарға деген құрметтің белгісі екенін атап өтіп, барлық мекеме басшыларын заң талаптарын қатаң сақтауға және бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге шақырды.