ҚАЗАЛЫДА АУДАН ӘКІМІ ҚАТЫСУЫМЕН БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ МӘЖІЛІС ӨТКІЗДІ
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және өзге де маңызды бағыттар бойынша мәжіліс өткізді. Жиынға қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары мен жауапты сала жетекшілері қатысты.
Мәжіліс барысында өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, экономикалық көрсеткіштерді арттыру, цифрландыру үдерістерін жетілдіру және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысып, облыс әкімінің тапсырмаларын назарға алды. Мәжілістен кейін аудан басшысы жауапты сала жетекшілерімен арнайы жиналыс өткізіп, күн тәртібінде қаралған мәселелерді аудан көлемінде іске асыру бағытындағы жұмыстарды пысықтады.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілермен жұмысты жетілдіру, көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқанының орындалуы, санитарлық тазалық пен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысы жан-жақты қаралды.
Аудан әкімі мәжілісті бастамас бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған Дармағамбет Ғани Хайруллаұлы жаңа қызметке ауысуына байланысты ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ауданның ең жоғары марапаты – «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Аудан басшысы оның мәдениет саласын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және рухани-мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бағытындағы еңбегіне оң бағасын беріп, алдағы қызметіне табыс тіледі. Жиын барысында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау мәселесіне ерекше назар аударылды. Аудан басшысы барлық сала жетекшілеріне бекітілген индикаторлар мен жоспарлардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жұмыспен қамту салаларындағы көрсеткіштерді жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп бітіру іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен талқыланды. Аудан әкімі білім беру ұйымдарының басшыларына мектеп бітіру кештері мен соңғы қоңырау іс-шараларын талапқа сай өткізуді, оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Бұқаралық іс-шаралар барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу қажеттігі айтылды.
Мәжілісте әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысты жетілдіру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге уақытылы әрі сапалы жауап беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, халықпен кері байланысты нығайту – мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыратын маңызды тетік. Осыған байланысты ресми парақшалардағы ақпараттық жұмыстарды жандандыру, оң бағыттағы контентті көбейту, мемлекеттік бағдарламалар мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау міндеттері жүктелді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жарияланған сыни материалдар мен тұрғындардың шағымдарына жауапты салалар тарапынан 30 минут ішінде жауап беру жөніндегі алгоритмнің қатаң сақталуы тапсырылды.
Аудан басшысы дербес бөлім жетекшілері мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыруды, республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысты күшейтуді ескертті. Сондай-ақ көрнекі ақпарат құралдарын жаңарту, мемлекеттік саясатты насихаттау жұмыстарын жүйелеу және баспасөзге жазылу науқанын уақытылы аяқтау мәселелері де назарға алынды. Жиында көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқанының орындалу барысы да қаралды. Аудан әкімі жоспардың төмен деңгейде орындалып отырғанын сынға алып, жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әскерге шақыру жұмыстарын күшейту, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және әскери борышты өтеудің маңызын насихаттау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар әскерге шақыру бойынша бекітілген жоспардың толық орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.
Мәжілісте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың барысы да кеңінен талқыланды. Аудан әкімі санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, елді мекендердегі бей-берекет қоқыс орындарын жою, көшелердің тазалығын сақтау және абаттандыру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге түнгі жарық шамдарын ретке келтіру, саябақтар мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мәселелері көтерілді. Аудан басшысы тазалық жұмыстары тек сенбілік шараларымен шектелмей, күнделікті жүйелі жұмысқа айналуы қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты кент және ауылдық округ әкімдеріне тұрғындармен бірлесіп санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру тапсырылды. Жиын барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аудан басшысы халықпен тұрақты байланыс орнату, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын дер кезінде қарау және әлеуметтік мәселелердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жиында берілген барлық тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алуды салалық орынбасарларына міндеттеді. Сонымен қатар әрбір сала басшысы өзіне жүктелген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарап, нақты нәтижеге қол жеткізуі қажеттігін ескертті. Жиын соңында аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.







