ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

1 509

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға сала ардагерлері, өнер майталмандары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара барысында мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі жоғары бағаланып, олардың қоғамдағы рөлі мен маңызы кеңінен атап өтілді. Мәдениет пен руханият – ұлттың рухани тірегі екені айтылып, халқымыздың бай мұрасын сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені ерекше атап өтілді. Елдің рухани дамуына үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлері Қорқыт ата мұрасын, жыраулық дәстүрді, ұлттық өнерді жаңғырту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек сахнадағы өнермен шектелмей, ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртуға, жас ұрпақтың рухани тәрбиесін күшейтуге бағытталған жүйелі үрдіске айналған.

Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды, оның ішінде 22 мәдениет нысаны бар. Бұл нысандар халықтың мәдени-рухани сұранысын өтеуге, шығармашылық ортаны кеңейтуге және өнер адамдарының кәсіби дамуына мүмкіндік беріп отыр. Барлық аудандарда «Руханият орталықтары» бой көтеріп, Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» және «Отбасы орталығы» ел игілігіне қызмет етуде. Аталған орталықтар тек мәдени іс-шаралар өтетін орын ғана емес, сонымен бірге қоғамдық диалог, тәрбиелік мәні бар кездесулер мен шығармашылық алаңға айналған. Сондай-ақ тарихи-өлкетану музейі мен «Достық үйінің» жаңа ғимараттары ашылып, «Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы іске қосылды. Бұл орталықтар жас буынның шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың өнерге деген қызығушылығын дамытуға ықпал етуде.

Бүгінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа драма театр мен Президенттік кітапхана құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар өңірдің мәдени-рухани кеңістігін кеңейтіп қана қоймай, ұлттық өнер мен білімнің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Жаңа театрдың ашылуы кәсіби өнер ұжымдары үшін үлкен мүмкіндік болып, қойылым сапасын арттыруға және көрермен мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек. Ал Президенттік кітапхана ғылыми-зерттеу, тарихи-танымдық және рухани орталық ретінде аймақтың интеллектуалдық әлеуетін күшейтеді деп күтілуде.

Салаға биылдың өзінде 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, шығармашылық ұжымдарды қолдау және жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қаражаттың бір бөлігі мәдениет үйлерін жаңғыртуға, сахналық жабдықтарды жаңартуға, музыкалық аспаптар мен техникалық құралдарды алуға, сондай-ақ гастрольдік сапарлар мен халықаралық байланыстарды дамытуға бағытталған. Нәтижесінде өңірдегі мәдени ұйымдардың жұмыс сапасы артып, көрерменге ұсынылатын өнімнің деңгейі жаңа сатыға көтерілуде.

Салтанатты жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев мәдениет пен руханияттың қоғам өміріндегі ерекше маңызын атап өтіп, Мемлекет басшысының «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты» деген сөзін тілге тиек етті. Ол мәдениет қызметкерлеріне алғысын білдіріп, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа жетістіктер тіледі. Аймақ басшысы мәдениет саласының тек өнер ғана емес, елдің рухани қауіпсіздігі мен ұлттық бірегейлігін сақтайтын маңызды сала екенін ерекше атап өтті.

Мерекелік шарада мәдениет саласында үздік жетістіктерге жеткен азаматтар «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаттары табысталып, сала мамандарының еңбегі жоғары бағаланды. Өңірдің мәдени дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Биыл дәстүрлі түрде берілетін «Тұран» сыйлығы 19 шығармашылық өкілге табысталды.

Салтанатты кеш барысында сахнада Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Томирис» би ансамблі, «Қорқыт сазы» қобызшылар тобы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің вокалды ансамбльдері, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің баянистері, балалар шығармашылық ұжымдары және камералық хор өнер көрсетті. Классикалық және ұлттық шығармалар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Өнерпаздардың әрбір орындауы залда ерекше атмосфера қалыптастырып, көрермен тарапынан ұзақ қол шапалаққа ие болды.

Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын танытатын құнды экспонаттар, қолөнер шеберлерінің туындылары және жергілікті өнерпаздардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Көрме барысында келушілер Сыр өңірінің көне тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысып, ұлттық қолөнердің дамуы мен қазіргі заманғы өнер туындыларының сабақтастығын көре алды.

Жалпы алғанда, Қызылорда облысында мәдениет саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Рухани мұраны сақтау, шығармашылық ұжымдарды қолдау және жаңа мәдени инфрақұрылымдар салу арқылы өңірдің мәдени әлеуеті артып келеді. Бұл өз кезегінде Сыр елінің рухани беделін көтеріп, мәдени дамуға жаңа серпін беруде. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңір Қазақстандағы мәдени орталықтардың біріне айналу жолында дамуын жалғастыра бермек.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі