ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЕНЕУНІКТЕР СОТТА ЖЕҢІЛІС ТАПТЫ
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жарияланған ресми шешімі өңірдегі мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойған маңызды прецедентке айналды. №4394-25-00-4/979 санды әкімшілік іс бойынша шыққан бұл шешім мемлекеттік орган тарапынан жасалатын тексерістердің заңдылық талаптары қаншалықты деңгейде сақталуы тиіс екенін анық көрсетіп берді, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Іс құжаттарына сүйенсек, «Құралай-Бөбек» жеке балабақшасы мен Қызылорда қаласының білім бөлімі арасында мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша заңды шарттар бекітілген. Алайда, қалалық білім бөлімі 2025 жылдың мамыр айында өткізілген жоспарлы мониторинг қорытындысын алға тартып, балабақшаны мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесінен шығарып тастаған. Сот бұл әрекеттің тамырына үңіліп, мемлекеттік органның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) 11-бабында бекітілген «әкімшілік қалаудың шектері» қағидатын дөрекі бұзғанын анықтады. Судья А.К. Сарсенбаевтың төрағалығымен өткен ашық сот отырысында келесідей заң бұзушылықтар ресми түрде дәлелденген.
Комиссия құрамының заңсыздығы: Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығымен бекітілген Қағиданың 24-тармағы бойынша, мониторинг жүргізетін комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдар, аккредиттелген қауымдастықтар және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері ресми түрде дауыс беру арқылы тартылуы тиіс. Алайда, іс жүзінде білім бөлімі бұл рәсімді айналып өткен.
Іс жүзіндегі бұрмалаушылық: Білім бөлімінің жұмысшы тобын құру туралы 2025 жылғы 18 сәуірдегі №67-НҚ бұйрығымен мектепке дейінгі ұйымдарына Қағида шарттарын сақтау және қамтамасыз ету бойынша жоспарлы мониторинг жүргізу белгіленіп, жұмысшы топ құрамы бекітілген. Аталған бұйрықтың №1 қосымшасына сәйкес жұмысшы тобының құрамына Білім басқармасының бас маманы А. Қарабалаева, Қызылорда өңірлік бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Ж. Тоганова, Білім бөлімінің әдіскері А. Мұратбаева, Арал қаласындағы «Гүлдер» бөбекжай-бақшасының әдіскері Г. Баймбетова, Арал қаласындағы Жазира балабақшасының әдіскері Ж. Амангельдиева, Арал қаласындағы Сартай бөбекжай-бақшасының әдіскері С. Каримова, Арал қаласындағы Алтын балық бөбекжай-бақшасының әдіскері Г. Нурмаганбетова, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Қызылорда облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы республикалық мемлекеттік мекемесінің мамандары Э. Асанова мен А. Муса енген.
Жоғарыдағы бұйрықта комиссия мүшесі ретінде 9 адам көрсетілгенімен, іс жүзінде балабақшаны тексеруге тек 2-ақ маман, атап айтқанда Г. Баймбетова мен С. Каримова барған. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары мен басқа да мүшелер сот залында мониторингке қатыспағандарын ашық мәлімдегені жазылған.
Соттың құқықтық қорытындысы: ӘРПК-нің 6-бабы 4-бөлігіне сәйкес, әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын бұзу әкімшілік әрекеттерді заңсыз деп тануға алып келеді. Осы негізде сот білім бөлімінің балабақшаны тізімнен шығару әрекетін заңсыз деп танып, кәсіпкердің құқығын толық қалпына келтірген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексінің 107-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Кодексінің 108-бабына сәйкес талап қоюшыға жергілікті бюджетке төлеген 19 660 теңге мемлекеттік баж қайтарылуға жатады деп көрсеткен.
Бірінші сатыдағы соттың шешіміне наразы болған қалалық білім бөлімінің басшысы Б. Бердаулетов 2026 жылғы 30 наурызда апелляциялық шағым түсіреді. Мемлекеттік органның негізгі уәжі мынандай, балабақша басшылығы ӘРПК-нің 136-бабында көрсетілген 1 айлық сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алып, арада 4 ай өткенде барып шағымданғанын көрсеткен.
Алайда, заң ғылымы мен сот процесінің өз темірдей ережелері бар. Балабақшаның сенімді өкілі С. Байдилдаев сот алқасына жолдаған қарсы пікірінде Азаматтық процестік кодекстің (АПК) бұлжымас баптарын алға тартты:
АПК-нің 72-бабы бойынша, әр тарап өз қарсылықтарының негізін бірінші сатыдағы сот талқылауы уақытында келтіруге міндетті.
АПК-нің 172-бабы 6-тармағына сәйкес, егер жауапкер бірінші сатыдағы сотта «талап қою мерзімінің өтіп кетуін қолдану туралы» ресми өтінішхат бермесе, сот істі мәні бойынша қарай береді.
Қалалық білім бөлімі бірінші сот процесінде бұл мәселені заңды түрде көтермей, өздерінің қорғану құралдарын уақытында пайдаланбаған. Ал АПК-нің 73-бабына сай, қолда бар дәлелдемелер мен уәждерді дер кезінде сотқа ұсынбау, оларды апелляциялық сатыда қайта алға тарту мүмкіндігін заңды түрде жоятынын анық жазған.
Бұл істің материалдары көрсеткендей, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру барысында мемлекеттік органдардың формальды түрде бұйрық шығарып, іс жүзінде заң талаптарын белшесінен басуына жол берілмейді. Сот шешімі – мемлекеттік мекеменің кез келген әрекеті тек заң аясында және бекітілген қағидаларға сай орындалғанда ғана құқықтық күшке ие болатынын дәлелдеді.







