АМАНӨТКЕЛ АУЫЛЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
АМАНӨТКЕЛ АУЫЛЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына жұмыс сапары аясында Аманөткел ауылындағы жаңа 150 орындық мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие болған шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, ардагерлер, мәдениет саласының қызметкерлері, жастар және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа мәдениет үйінің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышты оқиғасына айналды. Заманауи талаптарға сай салынған нысан ауылдың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 2022-2026 жылдар
аралығында өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып, халық игілігіне берілді. Оның ішінде 22 мәдениет нысаны пайдалануға тапсырылып, ауылдар мен елді мекендердің мәдени өміріне жаңа серпін берді.
Бүгінде мәдениет саласын дамыту мемлекеттің басым бағыттарының біріне айналып отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және мәдени-рухани өмірін дамытуға кең мүмкіндік ашты.
Аталған тұжырымдама аясында Қызылорда облысында көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе Арал ауданында тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен қолға алынып, нақты нәтижелер беруде.
Облыс әкімі өз сөзінде Арал өңірінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобаларға тоқталды.
Бүгінде Арал ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылуда. Ертең Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланады. Сонымен қатар Шижаға ауылында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Ал Абай ауылын орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу жұмыстары қолға алынуда. Мұның барлығы мемлекет тарапынан ауылдық елді мекендерді дамытуға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың нәтижесі, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы мәдениеттің қоғамдағы орны мен маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мәдениет – ұлттың рухани өзегі, тарихи жады мен ұлттық болмысының сақтаушысы.
– Мемлекет басшысы: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі» деп атап өткен болатын. Шын мәнінде мәдениет – елдің рухани тірегі, ұлттың ұлы мұрасы. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы біз болашақ ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырамыз.
Осы жаңа мәдениет үйінде өткізілетін шаралар арқылы ауыл тұрғындарының рухани өмірі байып, жастардың өнерге деген қызығушылығы арта түседі деп сенемін. Бұл нысан ауылдағы мәдени жаңғырудың орталығына айналып, талантты жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға қызмет ете берсін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жаңа мәдениет үйі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Ғимарат ішінде көрермендер залы, сахна, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер, кітап оқу және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге арналған бөлмелер
қарастырылған.
Мұнда болашақта өнер ұжымдарының концерттері, театрландырылған қойылымдар, мәдени-танымдық кездесулер, әдеби кештер, жастар форумдары мен түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырылатын болады.
Мәдениет үйінің ашылуы ауыл тұрғындары үшін ғана емес, жалпы ауданның мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Салтанатты рәсім барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Сонымен қатар жаңа нысанның құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтаған мердігер мекеменің қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады. Ол тәуелсіздік жылдарында елімізде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтіп, жаңа мәдениет үйінің ауылдың рухани орталығына айналатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде ауыл ақсақалы Шыңдалы Әбдіраманов ақ батасын беріп, елдің амандығы мен берекесін тіледі. Ақсақал жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, өнер мен білімге ұмтылуға шақырды.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында мәдениет саласын дамыту бағытында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімі атап өткендей, Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен мәдениет саласында жүйелі реформалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар ауылдық клубтардан бастап облыс орталығындағы ірі мәдениет нысандарына дейін толық қамтыды.
Төрт жыл ішінде мәдениет саласын дамытуға шамамен 55 миллиард теңге қаржы бөлінсе, биылдың өзінде бұл бағытқа 6 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Нәтижесінде облыстың барлық ауданында жаңа «Руханият орталықтары» бой көтерді. Бұл орталықтар мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттаудың маңызды алаңына айналып отыр.
Қызылорда қаласында соңғы жылдары бірнеше ірі мәдени және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында заманауи талаптарға сай салынған «Өнер орталығы» бар. Бұл орталық өңірдің мәдени өміріндегі маңызды нысандардың біріне айналып, көптеген халықаралық және республикалық шаралардың өткізілуіне мүмкіндік беруде.
Сонымен бірге «Анаға тағзым» орталығы мен «Отбасы орталығы» халық игілігіне қызмет көрсетуде. Бұл мекемелер отбасы құндылықтарын насихаттау, аналарды қолдау және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында маңызды жұмыстар атқаруда.
Өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау мақсатында жаңа тарихи-өлкетану музейі пайдалануға берілді. Мұражай қорында Сыр өңірінің бай тарихын көрсететін құнды жәдігерлер жинақталған.
Сондай-ақ «Достық үйі» пайдалануға беріліп, этномәдени бірлестіктердің қызметін дамытуға мүмкіндік жасалды. Бұл нысан өңірдегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға қызмет етуде.
Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды. Мұнда мыңдаған оқушы түрлі үйірмелерге қатысып, өз қабілеттерін дамытуда.
Қазіргі таңда өңірде мәдениет пен білім саласын дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа драма театрдың құрылысы басталды.
Бұл театр өңірдегі кәсіби өнердің дамуына тың серпін беріп, шығармашылық ұжымдардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасайды.
Сонымен қатар жаңа Президенттік кітапхананың құрылысы қолға алынды. Болашақта бұл нысан жастардың білім алуына, ғылыми зерттеулер жүргізуіне және интеллектуалдық дамуына қызмет ететін заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналмақ.
Мәдениет саласына бағытталған мұндай жобалардың барлығы өңір тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыруға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және жастар тәрбиесіне оң ықпал етуге бағытталған.
Аманөткел ауылындағы жаңа мәдениет үйінің ашылуы да осы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі болып табылады. Бұл нысан ауылдың мәдени өміріне тың серпін беріп, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, өнер мен шығармашылықты дамытуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы, жаңа мәдениет үйі ауыл жастарының талантын шыңдап, ұлттық өнерді дәріптейтін, елдің рухани байлығын арттыратын маңызды мәдени орталыққа айналмақ.
Қызылорда облысында қолға алынған осындай ауқымды жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, халықтың рухани өмірінің жандануына да зор үлес қосып келеді. Сондықтан жаңа мәдениет үйінің ашылуы Аманөткел ауылы тұрғындарының ғана емес, бүкіл аудан жұртшылығының ортақ қуанышына айналды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







