Қызылорда облысында жасөспірімді аяусыз соққыға жыққандарға сот үкімі шықты

767

Қызылорда облысы Қазалы ауданында жасөспірімді аяусыз соққыға жыққандарға сот үкім шығарды, - деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі.

 

2023 жылдың сәуір айында әлеуметтік желіде екі баланың жерде жатқан жасөспірімді аяусыз ұрып-соғып жатқан видеосы тараған еді. Оны қатты соққыға жығып тепкілеген.

Бұған дейін полицейлер "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу жүргізген болатын.


Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, 107-бабының 2-бөлігінің 5, 8-тармақтары бойынша кәмелетке толмаған сотталушылар О., Б., К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Анықталғандай, 2023 жылы 6 сәуірде сағат 14:00 шамасында саябақта жәбірленуші С.-мен келіспеушіліктен кейін оны қоршауға алып, жерге құлатып, аяғынан теуіп, кейін бірнеше рет жұдырықпен  бетінен, кеудесінен және басынан ұрған. Одан кейін олар оқиға орнынан ізін суытқан", – деді Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.



Сот отырысында кәмелетке толмаған екі сотталушы өз кінәсін толық мойындаса, үшіншісі кінәсін мойындамады.


"Комиссия сарапшыларының қорытындысына сәйкес, екі көзінің айналасы, сол жақ самай сүйегінің жарақаты, кеуде қуысының ісінуі және жабық бассүйек-ми жарақаты салдарынан жәбірленушінің денсаулығына жеңіл дәрежедегі зиян келтірілген. Сондай-ақ бетінің сол жақ бөлігі жарақаттанған, қабырғалары сынған. Бірінші мойын омыртқасының дене жарақаттары бар, яғни денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген. Дене жарақаттары өмірге қауіпті емес деп бекітілді", – деп атап өтті облыстық соттың баспасөз қызметі. 

Тергеу барысында және сотта жәбірленуші тараптың өкілі келтірілген шығынды өндіру туралы арызданбаған. Прокурор сотталушыларды бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасын сұрады. Қылмыстық кодекстің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотталушылардың қылмыстық әрекеттері ауырлығы орташа қылмыстарға жатқызылады.


Сотта атап өтілгендей, Қылмыстық кодекстің 81-бабының 7-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес немесе өлімге әкеп соғумен байланысты емес орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған жасөспірімдерге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды.

"Сот үкімі бойынша кәмелетке толмаған сотталушылар кінәлі деп танылды. Ақыры оларға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", – деп толықтырды сот.


Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ