«САПАРБАЕВ ТҰЛҒАСЫ» – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ӨНЕГЕЛІ ЖОЛЫ АТТЫ ШАРА ӨТТІ

1 507

«САПАРБАЕВ ТҰЛҒАСЫ» – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ӨНЕГЕЛІ ЖОЛЫ АТТЫ ШАРА ӨТТІ

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тәжірибелі басқарушы, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмірі мен саналы ғұмырына арналған «Сапарбаев тұлғасы» кітабының таныстырылым рәсімі өтті.

Тағылымды іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, жас мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, кітаптың құрастырушысы Абай Сейфуллаұлы, сондай-ақ Бердібек Машбекұлының туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Жиын барысында қатысушылар мемлекет қайраткерінің ел тәуелсіздігін нығайтуға, өңірлерді дамытуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге қосқан сүбелі үлесін еске алып, оның адамгершілік қасиеттері мен еңбекқорлығы жөнінде тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Бердібек Сапарбаевтың мемлекеттік қызметтегі жарқын жолына тоқталып, оның өмірі мен еңбегі бүгінгі және келешек мемлекеттік қызметшілер үшін үлкен өнеге екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Әкімдер мектебі» жобасы аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында «Сапарбаев тұлғасы» атты кітаптың тұсаукесері өткен болатын. Бұл еңбек – мемлекет пен қоғам мүддесін бәрінен биік қойған, елге адал қызмет етуді өмірлік қағидатына айналдырған тұлғаның өнегелі жолын жан-жақты сипаттайтын құнды туынды.

Бердібек Машбекұлы қай қызметте жүрсе де халықтың сенімін ақтап, мемлекет мүддесін қорғауды басты орынға қойды. Оның басқарушылық тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті, әділдігі мен талапшылдығы көптеген буын мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі болып қала береді. Қарапайымдылық пен парасаттылықты, адамгершілік пен адалдықты, кісілік пен кішілікті бір бойына тоғыстырған ардақты азаматтың есімі Тәуелсіз Қазақстан тарихында мәңгі сақталады.

Уақыт алыстаған сайын тұлғаның шынайы болмысы мен еңбегінің құндылығы айқындала түседі. Бердібек Машбекұлының өнегелі өмір жолы, ел игілігі жолындағы қызметі мен қалдырған рухани мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақ басшысы өз сөзінде Бердібек Сапарбаевтың Қызылорда облысын басқарған жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін берілгенін атап өтті. Сол кезеңде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

Шара барысында кітаптың құрастырушысы, журналист әрі қоғам қайраткері Абай Сейфуллаұлы сөз алып, кітаптың дайындалу тарихына тоқталды. Оның айтуынша, басылымда мемлекет қайраткерінің өмір жолы, қызмет кезеңдері, әріптестері мен замандастарының естеліктері, тарихи құжаттар мен мұрағаттық деректер топтастырылған.

– Бұл кітапты әзірлеудегі басты мақсат – Бердібек Машбекұлының өмірлік ұстанымдарын, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін, елге сіңірген еңбегін кейінгі буынға жеткізу. Ол қандай қызмет атқарса да қарапайым халықтың мәселесін бірінші орынға қойып, елдің дамуына қызмет етті. Сондықтан бұл еңбек тек бір тұлғаның өмірбаяны ғана емес, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен мәнін түсіндіретін тағылымды кітап деп есептеймін, – деді Абай Сейфуллаұлы.

Кездесу барысында ел ағалары Самұрат Имандосов, Бекмырза Еламанов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов және өзге де қатысушылар сөз сөйлеп, Бердібек Машбекұлының адами қасиеттері, еңбек жолы және ел басқарудағы ерекшеліктері туралы естеліктерімен бөлісті.

Шарада сөз алған азаматтар оның басқарушылық қызметіндегі басты ерекшелігі қарапайым халықпен ашық диалог орнатуы, мәселелерді жедел шешуге ұмтылуы және әділ шешім қабылдай білуінде болғанын ерекше атап өтті.

Бердібек Машбекұлы Сапарбаев еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық сатысынан өтті. Ол өз өмірін мемлекеттік қызметке арнап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысты.

Мемлекет қайраткері әр жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-Министрдің орынбасары, сондай-ақ Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі қызметтерін атқарды.

Қай өңірде еңбек етсе де ол тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды дамытуға басымдық берді. Оның басшылығымен көптеген әлеуметтік нысандар салынып, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының дамуына бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

Әсіресе әлеуметтік саясат саласындағы қызметі халық арасында жоғары бағаланды. Ол азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, жұмыспен қамту деңгейін арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді.

Бердібек Сапарбаевтың басқарушылық қызметіндегі басты қағидалардың бірі – халықпен етене жақын болу еді. Ол тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына әрдайым ерекше мән беріп, халықпен тұрақты кездесулер өткізіп отырды. Мұндай жұмыс тәсілі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің нығаюына ықпал етті.

Жиын барысында қатысушылар мемлекет қайраткерінің кәсіби біліктілігімен қатар, оның адами қасиеттеріне ерекше тоқталды. Замандастары мен әріптестері оны талапшыл басшы, әділ жетекші, қарапайым әрі көпшіл азамат ретінде сипаттады.

Кітап таныстырылымы аясында Бердібек Сапарбаевтың өмірі мен қызмет жолын бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылып, мұрағаттық құжаттар мен тарихи материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде мемлекет қайраткерінің әр жылдардағы еңбек жолынан сыр шертетін сирек фотосуреттер, марапаттары мен естелік материалдары қойылды.

Қатысушылар кітаптың мазмұны қазіргі мемлекеттік қызметшілер үшін тәжірибе мектебі болатынын атап өтті. Өйткені онда елге адал қызмет етудің, жауапкершіліктің, кәсібиліктің және патриотизмнің жарқын үлгілері кеңінен қамтылған.

Іс-шара соңында қатысушылар Бердібек Машбекұлының өмір жолы мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі жас ұрпақ тәрбиесінде, мемлекеттік басқару саласында еңбек ететін мамандарды даярлауда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Бердібек Сапарбаевтың есімі ел тарихында мемлекетшіл тұлға, халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын басшы, тәжірибелі реформатор және нағыз отаншыл азамат ретінде мәңгі сақталмақ. Оның өнегелі өмір жолы, ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегі мен қалдырған мол мұрасы тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосылған баға жетпес үлес болып қала береді.

Осындай тағылымды еңбектер арқылы көрнекті тұлғалардың өмір жолын насихаттау – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің, мемлекеттік қызметтің беделін арттырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды тетігі. Сондықтан «Сапарбаев тұлғасы» кітабы көпшілік оқырман үшін ғана емес, мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін мамандар үшін де құнды басылым болмақ.

© Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі