«ГЛАВНОЕ, ҚЫЗЫҢ ЗОРЛАНҒАН ЖОҚ»: ҚЫЗЫЛОРДА МЕКТЕБІНДЕГІ ЖАҒДАЙ ЖАҒА ҰСТАТТЫ

2 612

Фото: Opennews.kz ЖИҚызылордадағы «Бәйтерек» жеке мектебіне қатысты әлеуметтік желіде жарияланған жазба ата-аналардың алаңдаушылығын қайта көтерді. Оқу жылының басталғаны кеше. Соған қарамастан мектеп оқушысының сабақ кезінде жоғалып, екі сағатқа уақыттан кейін басқа сыныптан табылғаны жазылған. Сабақ басталмай тұрып бәрі жарыса айтқан қауіпсіздік, бақылау қайда қалды?, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі. 

     Әлеуметтік желіде Перизат Болатқызы есімді қолданушы «Бәйтерек» жеке мектебінде болған жағдай туралы жазба жариялаған. 

     Автордың мәлімдеуінше, мектептің тасымалдау көлігімен сабаққа барған бастауыш сынып оқушысы өз сыныбында болмай, біраз уақыт бойы ата-анасына да, жақындарына да белгісіз болып қалған.

     Мұны байқаған ата-анасы мектепке барып, баланы іздеуге кіріскен. Жазба авторының мәліметінше, іздеу жұмыстары шамамен 1 сағат 45 минутқа созылып, оқушы кейін басқа сыныптан табылған.

     Егер бұл мәліметтер расталса, мәселе жайдан-жай қалмайды.

     Өйткені мектепке ата-ана баласын сеніп тапсырады. Ал жеке мектеп жағдайында бұл сенімнің салмағы одан сайын арта түседі. Ата-ана білім беру қызметіне ақы төлеп қана қоймай, баласының қауіпсіздігі мен бақылауда болуына да сенеді.

ЕҢ АУЫРЫ – ОҚИҒАНЫҢ ӨЗІ ҒАНА ЕМЕС

     Әлеуметтік желідегі жазбада оқушының әкесі мектеп директорынан баланың қалайша бақылаудан тыс қалғанын сұраған кезде, директор тарапынан айтылды делінген жауап қоғамның ерекше наразылығын туғызды.

Автордың келтірген нұсқасында директор:

     «Главное, қызың зорланған жоқ, соған қуансай» деген сөз айтқан.

     Бұл сөздің нақты айтылған-айтылмағанын тиісті тексеру анықтауы тиіс.

Алайда егер мұндай сөз шынымен айтылған болса, онда бұл – жеке мектеп басшылығының ата-анамен қарым-қатынасы мен бала қауіпсіздігіне деген көзқарасына қатысты өте күрделі сұрақ.

     Баланың жоғалып кеткені туралы ата-ана алаңдап тұрған сәтте мәселені жеңілдетуге немесе басқа сипатқа бұру емес, ең алдымен «бала қайда болды, кім жауапты болды, неге бақылаудан шықты?» деген сұрақтарға нақты жауап берілуі керек.

«БАЛАНЫҢ АМАНДЫҒЫ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ» ДЕГЕН ҚАҒИДА ҚАЙДА?

     Қазақстандағы білім беру ұйымдары оқушылардың оқу процесіндегі өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне жағдай жасауға міндетті. Бұл талап меншік нысанына қарамастан білім беру саласындағы қауіпсіздік мәселесінің маңызын көрсетеді.

     Сондықтан бұл жерде басты сұрақ:

 Бала бір сыныптан екінші сыныпқа қалай өтіп кетті?

 Оның сабаққа қатысуы кім тарапынан бақыланды?

 Баланың жоқтығы қанша уақыттан кейін анықталды?

 Ата-анасына не себепті бірден хабар берілмеді?

 Мектептің ішкі бақылау және қауіпсіздік жүйесі қалай жұмыс істейді?

     Бұл сұрақтарға мектеп әкімшілігі нақты жауап беруі тиіс.

     Ал әлеуметтік желідегі жазбада оқиғаға қатысты полицияның бейнежетонына жазылған материал бар екені де айтылған. Егер мұндай бейнематериал құқық қорғау органдарында тіркелген болса, оқиғаның мән-жайын анықтауға мүмкіндік беретін объективті дерек сол материалдар болуы мүмкін.

ЖЕКЕ МЕКТЕП – ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ДЕГЕН СӨЗ ЕМЕС

     Қазір ата-аналар баласының сапалы білім алуымен қатар, оның мектепте өзін қауіпсіз сезінуіне де ерекше мән береді.

     Ал жеке мектептерге қатысты бір қарапайым қағида болуы керек. Оқу ақысы жеке болғанымен, бала қауіпсіздігі жекеменшік ұғым емес. Мектеп ата-анаға қызмет көрсететін коммерциялық нысан ғана емес. Оның қабырғасында бала бар.

     Сондықтан ата-ана төлеген ақшаның есебін сұрағанда мектептің талапшыл болуы бір басқа, ал сол ата-ана баласының қауіпсіздігіне алаңдап келгенде жауапкершіліктен жалтару мүлде басқа мәселе.

МӘСЕЛЕ – МЕКТЕПТІ ҚАРАЛАУ ЕМЕС

     Бұл жерде мектепті кінәлі деп алдын ала үкім шығару дұрыс емес. Оқиғаға қатысты мектеп әкімшілігінің ұстанымы, полицияның қорытындысы және басқа да объективті деректер ескерілуі қажет.

     Бірақ қоғамның сұрақ қоюға толық құқығы бар. Өйткені сөз баланың қауіпсіздігі туралы. Оқушының басқа сыныптан табылғаны рас болса, оның не себепті ол жерде болғаны анықталуы керек.

     Ал директордың айтқан сөзі рас болса, оның да моральдық және кәсіби тұрғыдан бағасын тиісті органдар беруі қажет.

     Бала – біреудің ғана емес. Бала – қоғамның ортақ аманаты.

     Сондықтан мәселенің түйіні мектепті қаралау емес.

     Мәселенің түйіні – бір бала мектепке кірген сәттен бастап, ата-анасына аман-есен тапсырылғанға дейін оның қауіпсіздігіне кім және қалай жауап беретіні. Осыған байланысты әлеуметтік желідегі жазба авторы Қызылорда облысының білім саласына жауапты басшылықтан жағдайды назарға алып, оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеруді сұраған.

     Енді ата-ананы алаңдатқан сұрақтарға ресми әрі нақты жауап керек.

 Бала қайда болды?

 Неге оны ешкім іздемеді?

 Неге ата-анасына уақытында хабар берілмеді?

 Ал ең бастысы – мұндай жағдайдың қайталанбауына қандай шара қабылданады?

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.