Арнаның бас продюсері болғаныммен қолымда билік болған жоқ

362

Фото: Нұрлан Қоянбаевтың жеке архивыОтандық танымал кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев өзінің телевизиядан кетуіне қатысты қауесеттерге жауап берді. Ел арасында әлдекімдердің оны лауазымды орнын босатуға итермелегені жайлы айтылуда. Бұл ақпараттың рас-өтірігін айтқан әзілкеш аталмыш саладағы 20 жылдық еңбегі бағаланбағанын жеткізді.

Нұрлан Қоянбаев белгілі журналист Нартай Аралбайұлының Youtube арнасына ашыла сұхбат беріп, өзінің телевизиядан кетуіне қатысты бар шындықты айтты. Ол бас продюсер қызметінен ешкімнің қысымынсыз, өз еркімен кеткенін алға тартты. Алайда, әзілкештің бұл шешімді қабылдауының себептері де жоқ емес. 
Өнер иесі 20 жыл бойы журналистикада еңбек еткенімен, оны ешкім бағаламағанын жеткізді. Қоянбаевты тіпті БАҚ күнімен ешкім құттықтамаған болып шықты.

"Мені телевизияға сыйдыра алмаған адам бар да шығар. Мүмкін ол бір өзі ғана емес, бірнеше адам да шығар. Мен бас продюсер болғанда сыни мақалалар шыға бастады. Бас продюсер болсам да қолымда билік болған жоқ. Шетелде ол үлкен қызмет, үлкен жұмыс. Телеарнадағы жобаларды бекітетін бас продюсер. Біз шығармашылық жағына қарадық. Бізде көптеген телеарналар мемлекеттік болғандықтан, олардың өзінің тәуелді адамдары болғандықтан көп нәрсе шығармашылықпен шешілмейді. 

Итермелеген жоқ, қысым көрсетілген емес. Бірақ, сондай энергия болды. Орынсыз сыннан шаршаған соң, өз орнымды іздедім. Мен 4 жыл журналистикада оқыған жігіттпен кем жұмыс істеген жоқпын. Телевизияда 20 жыл болдым. Ешкім БАҚ күнімен құттықтаған емес. Кейде жылағым да келеді. КВН күнінде әзілкештер бір-бірімізді құттықтап қоямыз. Содан кейін ойлана бастадым. Мені қабылдамаған екен деп" , - деді Қоянбаев.