7 бала-шағасымен мешітті паналаған Нұрлан имам өзіне қатысты ақпаратқа пікір білдірді
Әлеуметтік желілерде заманауи бағыттағы уағыздарымен көптің жүрегін жаулаған имам Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желіде өзіне қатысты тараған ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Нұрлан имам үй ұсынғандардан бас тартқан.
- Көп балалы әкесіз. Естуімше, 7 балаңыз бар. Көп баланы асырау оңай емес. Бала-шағаны қалай асырап жатырсыз. Бір айлықпен қалай жеткізесіз деген сауалға:
"Ел бар, халық бар. Халық молданың асыраған. Үйім жоқ. Бала-шағаммен мешіттің ішінде тұрамын. Балаларым қоғамдық көлікпен қатынап оқиды. Үй беремін дегендер болды. Оны қабыл алмадым. Себебі, оның ар жағында мүдде бар. Мен жобаның проектісі болғым келмейді", - деп жауап берді имам Нұрлан Байжігітұлы.
"Ең бірінші ғаламторда менің біраз уақыт бұрын берген сұхбатым тарап жүр. Яғни, менің үйім жоқтығы жайлы. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Құдайға шүкір, ата-анамның жақсы үйі бар. Менің өз басым мешітте тұратыным - ақиқат. Бірақ, мен ақша жинап, үй алып беру туралы сөз көтеріп жүргендерге мүлде қарсымын. Қажет емес. Сондықтан қордағы мұқтаж адамдардың видеосын салып қойдым. Сол адамдарға үй алып беріңіздер. Аллаға шүкір, Алланың үйі - маған пана. Сондықтан жазғандарыңызды көріп жатырмын, бірақ қажет емес. Бұл сөзді көтере берсек, жақсылыққа алып келмейді. Алла разы болсын", - деді Нұрлан имам.
Сонымен қатар имам өзіне үй алуға ақша жинауға қатысты желіде тараған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
"Шүкір, елім, жомарт халқым бар. Менің баспана туралы көп уақыт бұрын айтылған сөздерім біраз таралымда жүр екен. Қазір өзі не айтсақ та қиым болып, бөлшектеніп тұрған сәт. Сондықтан "ақша жинайық", "қор ашайық" деген қосымша ақпараттарға сенбеңіздер. Елім барда мен далада емеспін", - деді Нұрлан имам.