Баян Мақсатқызы 50 жасқа толған туған күнін атап өтті
Танымал продюсер, актриса Баян Мақсатқызы 50 жасқа толған туған күнін атап өтті,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Той Канн фестивалі стилінде өтті.
“Туған күн үшін жеткілікті деңгейде кеш ұйымдастырдым деп ойлаймын. Барлық атсалысқан жанға мың алғыс”, – деп жазды продюсер.
Сондай-ақ той шымылдығын Баян Алагөзова өзі құрған Kesh You тобымен ән шырқай ашқан.
Мерейтойға Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Қыдырәлі мен Қарақат, Тамара Асар, Жанар Айжанова, Қайрат Нұртас бастаған өнер иелері мен медиа өкілдері барған. Тіпті, Қайрат Нұртас өзі киіп барған 5000 доллар тұратын костюмді туған күн иесіне сыйлап жіберді.
Сонымен қатар, сіңлісі Бағым Мұхитденова әпкесіне арнап ән шырқады. Сондай-ақ Баян Мақсатқызының өнердегі жетістігі жайлы естелік бейнеролик көрсетілді. Баянның анасы да құдасы Тұрым Алагөзовпен бірге ән шырқап, қызына музыкалық сәлемдеме жолдады. Тойдың тосынсыйы – Баян Мақсатқызының атақты әнші, ресейлік Валерий Меладземен дуэт орындауы. Айтуынша, шетелдік өнер иесімен дуэт айту арманы екен. Жолдасы Тұрсен Алагөзов рұқсатын беріп, екеуі ән шырқады.
Талай эстрада жұлдызының жолын ашып, сахнаға шығуына мұрындық болған Баян Мақсатқызына әріптестері оның адами болмысын ашатын тұстарын және туған күннен алған әсерін жарыса жазып жатыр.
“Валерий Меладзе – мәдениеті жоғары, көпшіл, кішіпейіл жан. Бірнеше рет көзім жетті. Бір өнерде жүрміз ғой деп, сахнаға бірнеше қонақты өзі шақырды (ешқандай мәдениетсіздік, шектен шығу болған жоқ). Кештің атмосферасы да соны сұрап тұрғандай әсер берді. Бір-бірімізге әдемі кедергі жасап, нотадан ауытқып, арагідік, өз дауысымызды өзіміз естімей, (ішпей-жемей) өз көңілімізді өзіміз көтердік. Музыкада шекара жоқ екені кезекті рет көрінді. Сөйтіп Баян қыздың екі 25-ін тойлап қайттық. Шуақты шақтарыңыз көп болсын”, – деп жазды Сәкен Майғазиев.
“Баян Мақсатқызының туған күнін атап өттік. Шақыртуының өзі мұндай туған күн бұрын-соңды болмаған деп тұрды. Мейрамханаға кіргеннен атмосфера ерекше болды. Канн фестиваліндегідей қызыл кілем, зал түгел гүлмен безендірілген, фото мен видеолар. Бәрі керемет. Ал кештің соңындағы тосынсый Валерий Меладзенің шыққаны туған күннің шыңы болды. Біз туралы халық неше түрлі сөз жазып жатыр екен. Біз де адамбыз ғой, демалдық. Одан кейін той иесінің жолдасы “Бүгін – менің сүйікті жарымның туған күні. Барлығы сіздер үшін дайындалған. Көңіл көтерейік!” дегесін аттың басын жібердік. Ұмытылмас кеш үшін рақмет, Баян”, – деді Мадина Сәдуақасова.
Желі қолданушылары туған күн иесіне ақжарма тілектерін жаудырып жатыр. “Ең мықты әйел”, “100-ге жетіңіз”, “Махаббаттың символы” деген тілек көп.