Майра Ілиясова жеке өмірінен сыр шертті
2 657
ҚР халық әртісі Майра Ілиясова жеке өміріне қатысты сұраққа жауап беріп, алғаш рет бұрынғы жұбайын есіне алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өнер иесі журналист Әйгерім Сейфоллаға сұхбат беріп, “Сырласу” бағдарламасында қонақ болды.
“Екі жетім болып қосылдық. Оның анасы ғана болды. Менің үш әпкем ғана бар. Үйленгенде күйеуімнің ештеңесі болған жоқ. Енем 60 жастан асқан кәрілеу кісі болды. Жалпы, өнердегі жүрген қыз-келіншектерге отбасын сақтап қалу қиындау. Өнеріңді түсінетін жар жолықса игі. Бүгінге дейін жалғыз өмір сүріп келемін. Жолдасым спортпен көбірек айналысты. Соңғы уақытта менің гастрольдік сапарым көбейіп кетті. Ол "Осы концерттеріңді қойсаң қайтеді?! Мына бала қалып қояды" деген кезде мен ойлана келе оған "Мен өнеріммен қала берейін" дедім. Мен жай ғана дауысым орташа болса, мүмкін үйде отырар ма едім. Бірақ халыққа танымал болдым. Солай өзіміз ақылдасып шештік. Әрине, ол екі жылдай көнбеді. Бірақ сондай әдемі айырылыстық. Қазір отбасы, ұлы бар. Араласып тұрамыз. Қызым әкесімен керемет қарым-қатынаста, әкесін қатты жақсы көреді", – деді өнер иесі.
Сондай-ақ үйлену тойларының қалай өткенін де айтып берді.
“Біздің тойда Құдайберген Бекіш мас болып қалған. Бұрын-соңды мүлдем арақ ішпеген жігіт екен. Көтере алмай қалып, жедел жәрдеммен алып кеткен. Роза Рымбаева келе алмады. Құдайберген Бекіш, Гүлбаушан Тергеубекова бастаған өнердегі замандас құрбы-құрдастарымыздың бәрі болды. Ауылдың жігіттері үрмелі аспаптарын дайындап қойыпты. Ауланың шаңын шығарып билеп, ақ көйлегімнің етегі балшық болып кеткен. Сол кезде де екеумізден артық бақытты жан жоқ еді”, – деді халық әртісі.
: