"Әлем аруы" байқауының жеңімпазы анықталды
Таиландтық ару “Әлем аруы” байқауында алғаш рет жеңіске жетті,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
“Әлем аруы” байқауы 72-ші рет Үндістанның Хайдарабад қаласында өтті. Таиланд өкілі, модель Опал Сучата Чуангсри “Әлем аруы” байқауында алғаш рет жеңімпаз атанды. Ал Эфиопия өкілі Хассет Дередже Адмассу “Әлем аруы” байқауының бірінші вице-мисс атағын иеленсе, екінші орынға польшалық Майя Клайда, ал үшінші вице-мисс атағына Мартиника өкілі Аурели Йохаим лайық деп танылды. Опал Сучата Чуангсри 2003 жылы 20 қыркүйекте Пхукет қаласында қонақүй иелерінің отбасында дүниеге келген. Қазір ол Бангкок қаласындағы Таммасат университетінде халықаралық қатынастар факультетінде оқиды. Ол келешекте елші болуды армандайды. Модель тай, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Оның 5 иті мен 16 мысығы бар. Бұдан бөлек, ол сүт безі қатерлі ісігін зерттеумен айналысатын қорларда ерікті болып жұмыс істеген.
Хайдарабад қаласында өткен байқаудың финалдық кезеңінде Опал қазылар алқасына өз сенімділігін, зияткерлік қабілеттерін және әлеуметтік жұмысқа деген шынайы адалдығын көрсетті. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Ол 108 қатысушының ішінен финалға өтіп, жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, 72-ші халықаралық “Әлем аруы” сұлулық байқауына Қазақстанның атынан “Мисс Қазақстан – 2023” атағының иегері, балерина әрі модель Сабина Идрисова қатысты.







