Қазақстандық өнерпаз Италияда: Әйгерім Алтынбек – «Ең үздік әйел дауысы» атанды
Қазақстандық әнші Әйгерім Алтынбек Италиядағы беделді халықаралық байқауда жеңіске жетті, ол бірнеше номинация бойынша жеңімпаз атанған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әнші Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен халықаралық опера әншілері байқауындағы (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) жеңісі туралы желідегі парақшасында жазды.
Әншінің жетістігі туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері ресми сайтында тарқатып айтты. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, опера әншісі бірінші орыннан бөлек, байқаудың негізгі номинацияларында үздік атанып, абсолютті жеңімпаз болды. Сонымен қатар көрермен көзайымы жүлдесін, "Үздік әйел дауысы" марапатын және музыка сыншысы, арт-директор әрі педагог Карло Майердың арнайы жүлдесін иеленді.
"Үздік әйел дауысы" жүлдесін Әйгерімге Чилидегі Ибаньес-Аткинсон қоры табыстады. Бұл қор – әлем бойынша жас, дарынды вокалистерді іздеп, қолдаумен айналысатын халықаралық ұйым. Қор жетекші театрлармен әріптестік орнатқан және Сантьягодағы опера театрымен бірлескен жастар бағдарламасын жүзеге асырады. Әйгерім – бұл қордың Оңтүстік Америка континентіндегі қолдауына ие болған алғашқы еуропалық емес әнші. Оған кәсіби және болашақ ынтымақтастық бойынша ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныс отандық өнерпазға Еуропадан тыс жерлерде де халықаралық мансабын кеңейтуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, Concorso Lirico Internazionale di Portofino (CLIP) – жыл сайын Италияның Портофино қаласында өтетін әлемдегі ең беделді вокалдық байқаулардың бірі. Конкурстың қазылар алқасы құрамында Еуропаның жетекші опера театрлары Вена операсы, Ла Скала, Глайндборн, Метрополитен және Елисей алаңындағы театрдың режиссерлері мен директорлары бар.







