Димаш Қытаймен бірлескен ірі музыкалық шоу түсірілімін бастады
Қыркүйек айында Қазақстанда Димаш Құдайберген атқарушы продюсерлік ететін ауқымды музыкалық реалити-шоудың түсірілімі басталады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, Жоба Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Аталған телеарна мен оның Mango TV цифрлық платформасын күн сайын 210 миллионнан астам көрермен тамашалайды.
Ерекше атап өтерлігі, Димаш араға 10 жыл салып қытайлық Hunan TV телеарнасының эфиріне қайта оралмақ. Ол шамамен 10 жыл бұрын алғаш рет халықаралық деңгейде дәл осы Hunan TV арнасындағы Singer жобасы арқылы әлемге танылған еді.
"Бұл жоба Қазақстан мен Қытайдың мәдени ынтымақтастығының жаңа белесі болмақ. Маған еліміздің музыкасын, табиғатын, қонақжайлығын әлемге таныстыру маңызды. Біз әртүрлі елдің өнерпаздарының басын қосып, өнердің шекарасыз екенін тағы бір мәрте дәлелдейміз", – деді Димаш Құдайберген.
Жобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген әншілер қатысып, еліміздің табиғаты әсем өңірлерін аралайтын шығармашылық теміржол сапарына шығады.
Түсірілім Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында өтеді. Жобаның финалдық кезеңі елордада ұйымдастырылмақ. Негізгі түсірілім орындары – Шарын шатқалы, Бозжыра шатқалы, ұлттық парктер және өзге де туристік нысандар.
Бағдарламаның көрсетілімі келесі жылы Hunan TV арнасында және Mango TV платформасында жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстанның бір телеарнасынан да көрсету мәселесі қарастырылып жатыр.
Жоба Туризм және спорт министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, жергілікті атқарушы органдар мен Kazakh Tourism компаниясының қатысуымен жүзеге асуда.