Әнші Индира Елемес Тоқаевтан көмек сұрады: “Бұрынғы күйеуім түрмеде отырып, пәтерімді сатып жіберді”

2 556

Фото: видеодан скриншотТанымал қазақстандық әнші Индира Елемес әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан және мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектен көмек сұрады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Өнер иесінің айтуынша, оның бұрынғы күйеуі Иманмәди Қалелхан қамауда отырғанына қарамастан, әншінің атына тіркелген пәтерді сатып жіберген.

“Мен, Қазақстан Республикасының азаматы Индира Елемес, конституциялық құқықтарымды қорғау мақсатында сіздерге жүгініп отырмын. 2018 жылдан бері балаларыммен бірге Ile De France тұрғын үй кешенінде тұрамын. Өз қаражатыма үш пәтер сатып алғанмын. Ал 2024 жылдың қарашасында экс-күйеуім қамауға алынғаннан кейін менің пәтерімді құрылыс компаниясы небәрі 25 миллион теңгеге “қайта сатып алғанын” білдім”, – деді әнші.

Индира Елеместің айтуынша, аталған пәтердің нарықтағы құны шамамен 120 миллион теңге.

“Компания құрылтайшысы Рамазан Бұлбұл бізді үйден шығармақ. Олар келісімді өзара бұзып, 2025 жылғы 5 қыркүйекте мәміле жасаған. Бірақ қамауда отырған адам келісімшартты қалай бұза алады? Қол қоюға немесе компанияға баруға кім рұқсат берді?” – деп сұрақ қойды әнші.

Сонымен қатар ол экс-күйеуінің сот орындаушысымен келісіп, көлігін нарық бағасынан үш есе арзанға сатып жібергенін, ал әлеуметтік желідегі парақшасын пайдаланып, оның беделіне нұқсан келтіріп жатқанын айтты.

Индира Елемес бірнеше рет полицияға шағым түсірген, алайда қылмыстық іс қозғалған жоқ.

“Құрметті Президент! Мен сізден мені және балаларымды мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен қорғауды сұраймын. Тергеу жүргізілмей, қылмыскерлер жазаланбай отыр”, – деді ол үндеуінде.

Бұған дейін әнші бұрынғы күйеуінің өзінен 19 жас үлкен екенін және отбасымен бірге телебағдарламаға шыққанын айтқан болатын.