Заңсыз ойыннан 162 млн тапқан Абай Бегейдің қызы амнистиямен құтылды
Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырып, 162 миллион теңгені иемденді деген күдікке ілінген әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен оның күйеуі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Гүлеркем Ниязқұловаға қатысты Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы – «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу» бойынша тергеу жүргізілген. Алайда Маңғыстау облысы Экономикалық тергеулер департаментінің ісі ҚК 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағына сәйкес амнистия актісінің негізінде тоқтатылды.
Әншінің қызы мен күйеуі баласы Instagram, TikTok және Telegram арқылы онлайн лотереялар өткізген, автокөлік, пәтер және басқа да бағалы сыйлықтарды ұсынған. Билеттер 500 теңгеден 50 000 теңгеге дейін сатылған. Тергеу мәліметтері бойынша, заңсыз ойындарға 1 800-ден астам адам қатысып, ерлі-зайыптылардың табысы 162 млн теңгеден асқан.
Қаржылық мониторинг агенттігі олардың жылжымайтын мүлкі мен банктік шоттарына шектеу қойған. Бұған дейін де Гүлеркем Ниязқұлова заңсыз ұтыс ойындарын тоқтатпай жүргені хабарланған еді.







