Ақтаудағы элиталық қонақүйде шектеуге қарамастан украиналық әншінің концерті өтті

463
Өткен демалыс күндері бас санитарлық дәрігерлердің тыйымына қарамастан, Rixos Aktau қонақ үйінде украиналық әнші Анна Седокованың қатысуымен концерт өткен -  деп хабарлайды Opennews.kz  ақпараттық агенттігі.

Бұған қатысты қала әкімдігі пікір білдірді.

Қонақүйдің Instagram парақшасында концерттің видеосы пайда болды.

Афишадағы мәліметке сүйенсек, концерт 4 қыркүйекте өткізілген. Кейбір қазақстандықтар бұл шараның шектеулерге қарамастан өткізілгеніне наразылығын білдіруде.

"Rixos-та коронавирус жоқ деген қауесет таралуда", "Барлығында карантин, ал оларға шектеу жоқ болғаны ма?" - деп жазды пікір қалдырушылар.

"Сірә, концертті ұйымдастырушыға айыппұл салынады", - дейді Ақтау қаласының әкімдігі басылымға.

Бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова бес жұлдызды қонақүй аумағындағы барлық концерттер 31 шілдеден бастап тоқтатылатынын хабарлаған еді.

 Қонақүйдің бас менеджері Серік Исағалиев эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келмейінше, қонақүй аумағындағы концерттерді тоқтату бойынша жұмыс жүргізілетінін мәлімдеген еді.