Пандемиядан кейін отандық әншілердің тойда ән айту құны қалай өзгерді

482
Той-бизнес қайта жанданып, әншілерге деген сұраныс арта түсті. Елордаданың бір тұрғыны той жасамақ болып, танымал әншілерге хабарласып, олардың құнын біліп, бізбен бөлісті- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі "Aikyn.kz"  басылымына сілтеме жасап.

Қыркүйек айының соңында елімізде ресми түрде той жасауға рұқсат беріліп, арнайы қаулы шықты.Қазір мейрамханаларда күнде той-думан өтіп жатыр. Асаба мен әншілердің де бизнесі қайта жанданды. Басылымға жуырда той жасамақ болып, әр әншімен жеке-жеке хабарласқан елорда тұрғыны әншілердің тойға шығу құнына қатысты деректермен бөліскен. 

Белгілі әнші Қайрат Нұртастың өкілі хит әншінің 7 мың доллар сұрайтынын айтқан. Сонымен бірге, ұшақ билеті мен қонақүй ақысын той иесі төлеуі керек екен. Осы талапты орындаған соң сүйікті әншіңіз 7-8 әнін орындап береді.

Әнші Ерке Есмаханның бағасы арзанырақ болған. Оның тойда жарты сағат ән салып беруі – 5 мың доллар. Онда да ұшақ билеті мен қонатын жері той иесінің мойнында. 

"Әуелі келісімшартқа отырамыз, онсыз ештеңе шешілмейді. Осыдан кейін алдын-ала ақшаның 50 пайызы төленуі тиіс. Содан кейін билет қолға тиген соң, астанаға келіп, тойда 6-7 ән орындап береді", – деп түсіндірген әншінің көмекшісі Ақмарал.

 «Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің бес әні миллион теңге тұрады. Әрине, ол да өзге әншілердікі секілді қонақүйі мен ұшақ шығынын ұйымдастырушы тарап төлеу керектігін жеткізген.

 Елімізде той өткізуге рұқсат берілгенмен кісі санына шектеу бар. Сонымен бірге, шараға қатысушылардың Ashyq-та «жасыл» мәртебесі болуы керек.