Төлеген Мұхамеджанов Семейдегі атом бомбасының әсері туралы айтты

451
Қазақ композиторы Төлеген Мұхамеджанов Семейдегі атом полигонының зардабы туралы мәселені көтерді- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Нартай Аралбайұлына сұхбат берген сазгер Семей өңіріндегі туған ауылы нағыз полигонның ошағында орналасқанын жеткізді. 

"Мен Семейдің адамымын. Полигонның нағыз эпицентрінде туып-өскен жанмын. Атом жарылысын өз көзіммен көрдім. Бес-алты жастағы баламын. Әкем, үлкен ағам, үлкен әпкем ерте кетті. Небәрі 27 жасында қайтты екеуі де. Алғаш рет шындықты естігенде, жылап та алдым. Содан кейін "Замана" деп аталатын туындымды жаздым. Шындықты ашқан Олжас Сүлейменов қой" - деді ол.

Сазгер жақындарының ерте дүниеден өтуіне полигонның тікелей қатысы бар деп есептейді.

"Бүген деген ауыл кішкентай ғана. Есімнен кетпейді, баламыз ғой, сол ауылда көз аурулары ауруханасы ашылды. Қарап отырсаң, кішкентай ғана ауылда оны неге ашты? Бәріміз жатып шықтық. Менде жатып шықтым. Қайдан келгенін білмейміз, танымайтын дәрігерлер. Қазір ойлаймын, соның барлығы жасалған эксперимент екен ғой. Бала болып ойнап жүргенде, бірдеңе аспанда жарқ ете қалатын да, алып саңырауқұлақ шыға келетін. Соның дүмпуі келеді. Ойнап жүре беретінбіз, мақтанып. Оның сұм ажал екенін қайдан білеміз? Ауылда менімен бірге қатар өскен жігіттердің біреуі жоқ қой қазір", - дейді ол.

 Мен 50 жасқа толғанымда зейнетақыға үстемақы қосылды. Эпицентрде тұрған барлық тұрғындарға осылай төленді. Қолдан келгенше қайтарғандай болды. Бірақ мұны ешқандай ақшамен қайтара алмайсың. Әсері де жылдар өткен соң шығуы мүмкін. Мен өзімді өзім қолдан келгенше күтемін, кез келген ауру болсын, күресемін. Күнделікті жүріп, гимнастикамды жасаймын, не жүгіремін, не жүремін. Адамның денсаулығы өз қолында, бірақ денемде қандай ауру бар екенін бір Алла біледі ғой", - деді  сазгер.