"Ұрлығым үшін Алладан кешірім сұраймын"

785
Жазира Байырбекова жастық шағында нан таппай, қиналған кезін еске алды. Әнші тұңғышына жүкті кезде бірнеше күн бойы тек алманы қорек етіп, ақырында көршісі даярлаған астан ұрлап жегенін мойындады, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

"Ол кезде Қазбекке аяғым ауыр еді. Жанболат оқушылар сарайында жұмыс істеп жүр. Мен студентпін. Бірнеше айдан бері айлық берілмей жүрген кез. Азық-түлік алуға ақша жоқ. Таудан алма теріп әкеліп, алмадан басқа ештеңе жемегенімізге 2-3 күн болған.
Бір орыс әжейдің үйінің 1 бөлмесін жалдап тұрамыз. Бір күні әжей үйге иісін шығарып етпен картоп қуырды. Өзім жерікпін. Иісін иіскеп, жегім келгеннен жылағым келді.
Әжей өз тамағын жасап, жеп далаға шығып кеткен кезде шыдай алмай 2-3 түйір піскен картобын ұрлап жегенім есіме түсіп, қазір ұялып отырмын.
Сол ұрлығым үшін Алладан кешірім сұраймын. 
Сол күні кешке терезеден қарасам Жанболат жұмыстан келе жатыр. Бір қолында бір бөлке нан, бір қолында қауын бар. Екі қолын көтеріп көрсетіп қояды.
Сол нан мен қауын үшін бақытты болып қуанғаным есімде. 1996 жыл",
- деп бөлісті Байырбекова желідегі парақшасында. 

Желі қолданушылары ол кезеңде бүкіл халықтың солай қиналғанын айтып, өз оқиғаларымен бөлісті. 



"Көрші ақысы деген болады. Жақсы тамақ жасаған кезде мал сойып, қуырдақ жасағанда көршіге бір тәрелке болса да, беріп тұру керек. Баяғыда анамыз, енеміз айтып, көршіге бергізіп отыратын", "Бар қазақ осы жағдайдан өтті сол кезде. Қиындыққа төзе алмай, талай отбасы ажырасты. Сендер отбасыларыңды сақтап қалдыңдар. Бірақ мұндай жағдайларды естен шығарып тастау керек. Бұны еске ала беру тіршілікке зиянын тигізе береді екен", "Сол 96-да көбіміз аш болдық қой. Ашаршылык емес, бірақ жейтін тамағымыз болмай қалды расында. Ұлымыз екі жаста, нан жеймін деп жылайтын. Түскі аста жүрек жалғап, кешкі тамаққа не жейміз деп ойлап отыратынбыз. Жұмыс жоқ, жұмыс болса айлығы жоқ. Қазір тәубе ғой, бәрі тұрса да не жасаймын деп қоямыз, күпіршілік жасап, Алла кешірсін", - деп жазды оқырмандар.