Нағима Есқалиева мен Карина Абдуллина коронавирусқа қарсы екпе салдырды

351
Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева мен әнші Карина Абдуллина коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. 

Осыдан бірнеше күн бұрын коронавирус инфекциясына қарсы екпені жас әртістер Әли Оқапов пен Диас Аблаев салдырған болатын.

Ұлынан кейін Нағима Есқалиева да қауіпті дерттен сақтануды шешкен. Қазақстанның халық әртісі де вакцина алды. Бұл туралы ол Instagram парақшасында хабарлады. 

"Медициналық орталықтан келе жатырмын. Бүгін өзіме бірінші екпені салдырдым. Өзімді ұсқынсыз, жиіркенішті, жақсы әрі керемет сезінудемін (күледі). Бірақ жалпы бұл әр адамның таңдауы. Қазір болып жатқан дүние біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде орын алуда. Бар болғаны сеніп, вакцина алу керек. Таңдауды өздеріңіз жасаңыздар", - деді ол. 

Карина Абдуллина да коронавирусқа қарсы екпені салдырған жөн деп есептейді. Оның айтуынша, бұл пандемияны жеңудің жалғыз жолы. 

"Халқымыз неғұрлым тез вакциналанса, мына эпидемия да соғұрлым тез аяқталмақ. Біз вирусты жұқтыру тізбегін үзуіміз керек. Бұл әрекетімізбен өзімізді ғана емес, жақындарымызды да қорғап қаламыз. Мен дәстүрлі медицинаның жақтасымын. Сол себепті, вакцинация әлемдегі қалыпты өмірді тоқтатып, миллиондаған адамның өмірін шалған қауіпті вирусқа төтеп берудің жалғыз әдісі екенін сенімдімін" , - деді Карина Абдуллина парақшасында.