Тәуекел Мүсілім отбасына қатысты өкінішін жеткізді
Танымал актер Тәуекел Мүсілім Zamandas подкастына берген сұхбатында әкесімен қарым-қатынасы, бала күнгі сағынышы және өзінің әке ретіндегі жауапкершілігі туралы айтты,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Тәуекел Мүсілімнің айтуынша, әке болу оған әкенің бала өміріндегі орнын тереңірек түсінуге көмектескен.
“Қиын емес деп айтар едім. Керісінше, бұл маған әке болудың мәнін түсінуге көмектесті. Өз әкемді де түсінгім келді. Бірақ онымен ашық сөйлесудің сәті түспеді. Ол 2010 жылы өмірден өтті”, - деді актер.
Тәуекел Мүсілім егер әкесі тірі болғанда, оған барып, шын жүректен сөйлескісі келетінін айтты. Ол әкесінің неге суық болғанын, не себепті отбасынан алыстағанын және оның ішкі ойын білгісі келгенін жеткізді.
Актер әкесінің жанында болмаған сәттері өзіне ауыр тигенін жасырмады.
Тәуекел Мүсілім қазір өзі үш ұл тәрбиелеп отыр.Бұл оған бала күнгі ішкі бос орынды толтыруға мүмкіндік бергендей.
“Қазір өз балаларым үшін қаншалық маңызды екенімді түсінемін. Үш ұлым бар. Кейде Жаратқан маған дәл осы ұлдарды әдейі бергендей көрінеді. Сол арқылы ішімдегі бір бос кеңістікті толтырғандаймын”, - деді актер.
Анасының эмоцияға аса берілмейтін, ішкі сезімін ашық көрсете бермейтін адам екенін айтты. Отбасында әкеге қатысты терең әңгіме көп қозғала қоймаған.
“Анам – эмоциясын көп білдіре бермейтін адам. Ол қиын кезеңнің адамы. Онымен терең эмоционалды деңгейде сөйлесу қиын. Бізде көбіне күнделікті тұрмыстық әңгіме ғана болатын. “Саған қиын ба?”, “Не жетіспеді?” деген сұрақтар айтылмайтын”, - деді Тәуекел Мүсілім.
Актердің айтуынша, ол анасынан әкесі туралы сұрауға тырысқан. Алайда анасы оның үйде сирек болғанын, көбіне сыртта жүргенін ғана айтқан. Ал әке мен бала арасындағы айтылмай қалған әңгіме сол күйі ашылмаған.







