«Танымал әнші болсамда, енем үйден қуып шықты» - Меруерт Түсіпбаева

585
Эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева енесінен қорлық көрсе де, ол кісінің бетіне келмегенін  Instagram парақшасында жеткізді, - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі. 

"Біз әжем марқұмды "мама" деп, бізді тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анамызды "тәте" деп өстік. Мамам (әжем) қайтыс болғанда, мен шамамен алты жаста едім. Енесі қайтыс болғанда, анамның (тәтемнің) ішінде 8 айлық бала бар болса да, төсек тартып жатқан әжемді күтіп, бағып, аялап шығарып салды. Аяғым ауыр, шаршадым, шалдықтым деу ойында да жоқ еді. Әжеміз дүниеден озғанда, өз шешемнің қатты қайғырғаны есімде. Марқұм әжем, иманды болсын, өмірде қиындықты көп көрген, шайпау мінезді адам болатын. Бірақ келіні ол кісінің барлық еркелігін көтеріп, алдынан кеспей, сыйлап өтті. Қазіргі жастар бойына бір айлық бала бітсе, ауруды күтпек түгілі, өз жанымен қайғы емес пе?!" – деді әнші.

Сонымен қатар, Түсіпбаева анасынан көргенін кейін өз отбасында қайталауға тырысқан.


"Өз басым есейе келе анамнан үлгі алып, өз енеме "сен" демеген адаммын (сенбесеңіздер, сұраңыздар). "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" дегендей, бала кезімнен сол қағидамен өмір сүрдім. Енем Шымкенттегі үйден қуып шыққанда, түк болмағандай (ол кезде танымал болсам да) подъезде, ол ашуы басылып, есікті ашқанша күткенім әлі есімде. Мақтанып айта аламын. Мен осы күнге дейін әкеме, анама, енеме қарсы шығып, сен демегенмін.
Ал қазіргі балалар қандай?! Өз құқығын білетін, көбінесе шағымдары көп, басынан сөз асырмайтын. Жасырмаймын, мен кейде өз балама: "Осы мені сен тудың ба, әлде мен сені тудым ба?" – деуге мәжбүрмін. Біздің қарым-қатынасымыз жібектей нәзік дей алмаймын
", – деп жан сырын ақтарды Түсіпбаева.