"Сахнаны қорламаңдар!". Тағы бір ессіз ән халықтың ашуын тудырды
"Красный көйлек, черный өрнек". Дәл осындай атаумен "Той - думан" арнасында көрсетілген жаңа бейнебаян көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды Экспресс К.
Дау тудырған әнді Меруерт Тойбекова есімді әнші орындаған. Клип отандық телеарна эфирінде 8 тамыз күні жарыққа шыққан.
Қазақша әнге орысша сөз қосылған ән әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Олардың бірі әншінің "дауысы жоқ" деп шуласа, енді бірі "мағынасыз ән айтып, сахнаны мазақ қылған орындаушыға айыппұл салу" керек екенін айтты.
"Осындай салдыр-сатпақ ән салғандарға айыппұл салынсын". "Байдың қыздары сахнаны қорлап бітті". "Телеарнаны жабу керек". "Әннің сөзінде ұйқас жоқ". "Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да, талтаңда". "Масқара",— деп жазды желі қолданушылары.
Расында да әннің сөздеріне мән берсек, шумақтары бір-бірімен мүлдем ұйқаспайды. Оны өзіңіз де байқап көріңіз.
Красный көйлек, черный өрнек
Билейді гүлдер, әнменен сөйлеп
Көйлегім сәнді, өмірім мәнді
Күндей боп ярко, көздерім жанды...
— дейді әнші.